Франция мектебінде қарулы оқушы ойран салып, бір адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Францияның Нант қаласындағы мектепте пышақпен жасалған шабуыл салдарынан бір адам қаза тауып, үшеуі жараланды, деп хабарлайды Синьхуа.

Бейсенбі күні Францияның батысында орналасқан Нант қаласындағы мектепте жоғары сынып оқушысы пышақпен адамдарға шабуыл жасап, кем дегенде төрт оқушыны жаралады. Бұл туралы жергілікті БАҚ полицияға сілтеме жасап хабарлады.
BFMTV телеарнасының бірнеше дереккөзге сілтеме жасап хабарлауынша, жараланғандардың бірі қайтыс болды.
Телеарнаның мәліметінше, мұғалімдер полиция келгенге дейін шабуылдаушыны тоқтатқан. Күдікті оқушы қамауға алынды.
Оқиға орнына келген Францияның Ішкі істер министрі Брюно Ретайо істі шамамен 50 тергеуші қарастырып жатқанын және олар тынымсыз жұмыс істеп жатқанын айтты. Оның айтуынша, 70-тен аса жауап алынды.
Францияның Премьер-министрі Франсуа Байру шабуылдан кейін мектептердегі бақылауды күшейтуге шақырды.
Нант прокуроры жұма күні баспасөз конференциясын өткізіп, шабуыл туралы толығырақ ақпарат береді деп күтіліп отыр.
Бұған дейін Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалған болатын. Күдікті шенеунікке қарай үш рет оқ атқан. Оқиға салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.