Франция мен Жапония ғалымдары химия саласындағы Нобель сыйлығын иеленді
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы Нобель сыйлығы химия бойынша асимметриялық органикалық синтез саласындағы жаңалықтары үшін француз ғалымы Анри Каган мен жапон ғалымы Кенсо Соаиге берілді, деп хабарлайды DW.
Нобель комитеті бұл шешімді 7 қазанда, сәрсенбі күні Стокгольмде жариялады. Париж-Сюд университетінің ғалымы Анри Каган мен Токио ғылым университетінің зерттеушісі Кенсо Соаи «асимметриялық органикалық синтездегі бейсызық әсерлер мен автокатализді ашқаны үшін» марапатталды.
BREAKING NEWS The Royal Swedish Academy of Sciences has decided to award the 2026 #NobelPrize in Chemistry to Henri B. Kagan and Kenso Soai “for the discovery of non-linear effects and autocatalysis in asymmetric organic synthesis.” https://t.co/nH090ql1Xc
— The Nobel Prize (@NobelPrize) October 7, 2026
Нобель комитетінің сарапшыларының айтуынша, ғалымдар ғасырдан астам уақыт бойы шешімін таппай келген химиядағы жұмбақтың сырын ашқан. Мәселен, кейбір молекулалар, соның ішінде аминқышқылдары, бір-бірінің айнадағы бейнесіндей екі формада болады. Бірақ тірі ағзаларда олардың бір ғана түрі қолданылады.
1986 жылы Каган химиялық реакцияларды басқарудың жаңа тәсілін ашып, молекулалардың айнадағы бейнесіндей екі формасының бірін көп мөлшерде алуға жол ашты. Бұған дейін мұндай нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес деп есептелген.
1995 жылы Соаи тарихта алғаш рет молекулалардың айналық пішіндерін өздігінен тудыра алатын химиялық реакция әдісін жариялады. 2003 жылы ғалым осындай реакцияны жүзеге асырып, табиғатта ғана түзілетін молекуланың осы ерекше пішінін зертханада алуға қол жеткізді.
2025 жылы химия саласындағы Нобель сыйлығын жапон ғалымы Сусуму Китагава, австралиялық Ричард Робсон және иорданиялық америкалық ғалым Омар Яги иеленді. Олар металлорганикалық тірек құрылымдарды әзірлегені үшін марапатталды.
Нобель сыйлығының ақшалай мөлшері 12 миллион швед кронына немесе шамамен 1,06 миллион еуроға (544 миллион теңгеге жуық) тең.
Әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері 8 қазанда анықталады. Ал 9 қазанда Ослода Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты белгілі болады. Сонымен қатар 12 қазанда Альфред Нобель атындағы экономика саласындағы сыйлық иегері жарияланады.
Еске сала кетейік, физика бойынша Нобель сыйлығы ғарыштан жеткен аса қуатты нейтриноны ашуға қосқан үлесі үшін бельгиялық ғалым Фрэнсис Хальценге берілді. Ал Америкалық Карл Дейссерот және неміс ғалымдары Петер Хегеман мен Георг Нагель «жарық арқылы басқарылатын иондық арналар мен оптогенетикаға қатысты жаңалықтары үшін» медицина саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары атанды.