Франция мешітіндегі кісі өліміне күдікті Италия полициясына өзі берілді

ПАРИЖ. KAZINFORM — Абубакар есімді 24 жастағы жігітті мешітте 40-50 рет пышақтағаннан ауыр жарақат алып, мерт болды, деп жазды Анадолы агенттігі. 

Франция мешітіндегі кісі өліміне күдікті Италия полициясына өзі берілді
Фото: Анадолы

Францияның Ла-Гран-Комб коммунасындағы мешітте болған исламофобиялық шабуылға күдікті ер адам Италияның Пистоя қаласында полицияға өзі берілді.

Қазір Оливье Х. есімді күдікті Францияға экстрадициялануды күтіп отыр.

Жергілікті прокуратураның мәліметінше, бұл шабуыл террорлық әрекет ретінде бағалануы мүмкін.

Франция премьер-министрі Франсуа Байру оқиғаны «исламофобиялық жиіркеніш» деп атады. Елдің көптеген саясаткерлері де бұл шабуылды қатаң айыптады.

Франция Ислам Кеңесі (CFCM) бұл оқиғаны «антиисламдық террористік шабуыл» деп бағалап, оны қатаң айыптады.

Сонымен қатар, CFCM француз БАҚ-тарының оқиға жайлы бастапқыда «екі мұсылман арасындағы жанжал» деп жалған ақпарат таратқанын және оқиғаның антиисламдық сипатын елеусіз қалдыруға тырысқанын атап өтті.

Кеңес бұл жағдайды «аса алаңдатарлық» деп бағалап, Франциядағы мұсылман қауымына осындай шабуылдардың алдын алу үшін аса мұқият болуға кеңес берді.

Қанды оқиға 25 сәуір, жұма күні жергілікті уақытпен таңғы 8:30 шамасында болды. Хатидже мешітінде намаз кезінде белгісіз біреу бір мұсылманға пышақпен шабуыл жасаған. 24 жастағы Абубакар есімді жігіт ауыр жарақат алып, 40-50 пышақ жарақатынан қаза тапты. Шабуылдаушы бұл сұмдық әрекетті ұялы телефонына түсіріп, әлеуметтік желілерге жариялаған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Францияда 15 жастағы жасөспірім үш оқушыға пышақ жарақатын салған болатын.

Соңғы жаңалықтар