Франция президенттігіне үміткер «Еуропа Құрама Штаттарын» құруды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — 2027 жылғы Франция президенті сайлауында оңшыл-центристік «Ренессанс» партиясынан кандидат Габриэль Атталь «Еуропаның Құрама Штаттарын» құруға үндеді, деп хабарлайды Анадолы.
Атталь келесі жылы өтетін сайлау науқаны аясында ел бойынша сапарларын жалғастырып жатыр.
Бұрынғы премьер-министр Атталь кеше Реймстегі митингте 27 мемлекеттен тұратын Еуропалық одақ (ЕО) өз мүмкіндіктерінің шегіне жеткенін айтты.
Қазіргі жүйемен әрі қарай ілгерілеу мүмкін емес екенін атап өткен Атталь өз ұрпағының Еуропаның құлдырауының куәсі болуына көнгісі келмейтінін мәлімдеді.
— Мен өз ұрпағымның Еуропаның АҚШ-тың 51-штатына немесе Қытайдың 24-провинциясына айналғанын көргенін қаламаймын, — деді Атталь.
Оның айтуынша, Еуропаны барлық жерде оны күйреуге алып бара жатқан ұлтшылдардың ықпалынан шығаратын уақыт келді.
«Мен біртұтас мемлекет құруды ұсынбаймын»
— Менің ойымша, ұрпағымның басты міндеті — Еуропа туралы арманды жүзеге асырып, Еуропаның Құрама Штаттарын құру, — деді ол.
Оның айтуынша, бұл жобаны жүзеге асыру үшін «Еуропаның Құрама Штаттарының» құрамына кіретін барлық мемлекетте бір уақытта референдум өткізуді ұсынады.
— Әрине, мен біртұтас мемлекет құруды ұсынып отырған жоқпын, — деді саясаткер.
Атталь бұл жоба аясында алдымен экономика мен экология салаларында мықты өзек құрайтын бір топ Еуропа елін біріктіруді көздейтінін айтты. Сонымен қатар жоба жүзеге асқан жағдайда мемлекеттер өздерінің егемендік өкілеттіктерін, тілдері мен институттарын сақтайтынын атап өтті.
Габриэль Атталь өзі ұсынып отырған «Еуропаның Құрама Штаттары» аясында «экономикалық шекараларды» толығымен жоюды көздейтінін мәлімдеді.
Айта кетейік, Франция президенті сайлауының бірінші туры 2027 жылғы 18 сәуірде, екінші туры 2 мамырда өтеді.
Бұған дейін Францияда бензин бағасы тарихи рекорд жаңартқанын жазған болатынбыз.