Франция шеруге шыққандарға 10 мың еуроға дейін айыппұл салмақ
АСТАНА. KAZINFORM — 28 қазанда Франция Сенаты наразылық акциялары барысында мүлікке залал келтірілсе, сол шеруге қатысқандарға ынтымақты азаматтық жауапкершілікті белгілейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Парламенттің жоғарғы палатасы қабылдаған мәтінге сәйкес, зорлық-зомбылық, ұрлық немесе қирату үшін құрылған топқа біле тұра қатысқан немесе құқық қорғау органдары екі рет ескерту жасағаннан кейін де шеруші топтан ажырамаған тұлғаларға, жасалған қылмыстар туралы деректер болған жағдайда, сол шерудегі адам басына 10 000 еуроға дейін айыппұл салынбақ. Яғни, шеруге қатысқан адам, бөтеннің мүлкіне өз қолымен залал келтірмесе де, айыппұл арқалауы мүмкін.
Журналистер, тәуелсіз бақылаушылар және алғашқы медициналық көмек көрсетушілер үшін ерекше жағдайлар қарастырылған.
«Casseurs-payeurs» («бұзған төлейді») деп аталатын заң жобасына 229 депутат қолдап, 105 депутат қарсы дауыс берген. Осылайша құжат қабылданды. Оны оңшылдар, центристік күштер, сондай-ақ «Ұлттық бірлестік» өкілдері қолдады. Солшыл фракциялар қарсы болды.
Бұл бастама 2026 жылдың мамыр айында Пари Сен-Жерменнің УЕФА Чемпиондар Лигасының финалындағы жеңісінен кейін болған тәртіпсіздіктерге байланысты әзірленген болатын. Қымбатшылыққа қарсы 17 қазанда басталған наразылық акциялары кезінде болған қақтығыстар құжаттың қабылдануын жылдамдатты. Сауда-өнеркәсіп палаталарының деректері бойынша, 2500-ден астам сауда нүктесіне залал келтірелген.
Сенат бекіткен нұсқада, сонымен қатар әлеуметтік жәрдемақылар (отбасылық жәрдемақылар, тұрғын үй көмегі және RSA) есебінен қаражатты өндіріп алу аясы кеңейтілген, бұрын зорлық-зомбылыққа қатысқан адамдардың шеруге қатысуын шектеу бойынша қосымша шаралар енгізілген, кейбір қылмыстық жазалар күшейтілген.
Құжат Франция Ұлттық Ассамблеясына ұсынылды. Заң жобасын сынаушылар, атап айтқанда солшыл партиялар мен адам құқықтары ұйымдарының өкілдері, бұл бейбіт шеруге шығу құқығын шектейді деп санайды.
Қолдаушылар бұл шараны салық төлеушілер мен вандализмнен зардап шеккендерді қорғау үшін қажет деп санайды. Франция тәртіпсіздікке шақырған жазбаларды өшірмейтін әлеуметтік желілерді бұғаттамақ.
Франция билігі оқушылардың талабына көнді.