Франция тарихында екінші ең ұзақ аптап ыстық тіркелді
АСТАНА.KAZINFORM — Биылғы шілде айы ел тарихындағы ең құрғақшылығы басым ай ретінде үшінші орынға шықты. Бұл туралы Анадолы агенттігі жазды.
Қазіргі уақытта Францияда жалғасып жатқан аптап ыстық толқыны 22 күнге созылып, температура үздіксіз жоғарылап барады. Бұл — 1947 жылдан бергі метеорологиялық бақылаулар тарихындағы ұзақтығы бойынша екінші аптап ыстық көрінеді.
Францияның ұлттық метеорологиялық қызметі Météo-France мәліметінше, экстремалды ыстық 28 шілдеде басталған. Ұзақтығы жағынан бұл 1983 жылғы аптаптан кейінгі екінші көрсеткіш. Ол кезде ыстық толқыны 23 күнге созылса керек.
Мамандардың айтуынша, биылғы екінші ең ұзақ аптап ыстық 29 шілде, 12 және 14 тамыз күндері шарықтау шегіне жетіп, ауа температурасы рекордтық деңгейге көтерілген.
Биыл Францияда 1990 жылдан бері температураны жүйелі түрде тіркеу басталғалы ең ыстық шілде болды. Айдағы орташа температура 24,9°C-қа жеткен.
Сонымен қатар, 2026 жылғы шілде метеорологиялық бақылаулар тарихындағы ең құрғақ шілделердің арасында үшінші орынға жайғасты. Жауын-шашын тапшылығы 70%-ды құраған.
Сарапшылардың пікірінше, рекордтық жоғары температура мен жауын-шашынның аздығы орман өрттерінің таралу қаупін айтарлықтай арттырады.
Қазір Франция тарихындағы ең ауқымды өрт қаупі жоғары маусымдардың бірін бастан өткеріп жатыр. Биыл ел аумағында 117 мың гектардан астам жер өртеніп кеткен.
Еске сала кетейік, бұған дейін Францияда аптап ыстық пен құрғақшылық сақталып, орман өртінің қаупі айтарлықтай артқанын жазған едік. Елдің 50 департаментінде қызғылт сары қауіп деңгейі жарияланған болатын.