Франция түрмелерінде адам саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 1 қазанда Франция түрмелеріндегі сотталғандар саны 90 937 адамға жетіп, тарихи рекорд жаңартты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Le Parisien басылымына сілтеме жасап. 

түрме
Фото: pixabay

Франция Әділет министрлігінің мәліметінше, бір жылда түрмедегілер саны 7,2 пайызға артқан. 2025 жылғы 1 қазанда олардың саны 84 862 адамды құраған. Ал түзеу мекемелеріндегі орын саны небәрі 1,5 пайыз өсіп, 63 452-ге жетті.

Франция түрмелеріндегі орын тапшылығы 43,3 пайызға жеткен, яғни мекемелердегі адам саны белгіленген орын санынан едәуір көп. Әсіресе қысқа мерзімге сотталғандар мен тергеу изоляторындағы күдіктілер ұсталатын уақытша қамау орындарында жағдай күрделі. Ондағы жүктеме 178 пайызды құрайды. Төсек жетіспегендіктен, 8 959 адам еденге төселген матраста ұйықтауға мәжбүр. Олардың саны бір жылда 52 пайызға артқан.

Le Parisien басылымы Франция түрмелеріндегі шамадан тыс адам санын әлі де шешімін таппаған мәселе ретінде атап өтті. Ал Еуропа Кеңесі бұған дейінгі баяндамасында елдегі түзеу мекемелері «адамдар қоймасына» айналу қаупі барын ескерткен.

Франция Әділет министрлігі түрмелердегі орын тапшылығын азайту үшін модульдік түрмелер салуды жоспарлап отыр. Жоба аясында қосымша 3 мың орын ашу көзделген. Оның жартысы алдағы бірнеше жылда дайын болады.

Дегенмен 2018 жылғы ұлттық жоспар бойынша қарастырылған 15 мың орынның 2026 жылғы қазан айының ортасына дейін 8 мыңнан сәл астамы ғана іске қосылған.

Еуропа Кеңесінің 2025 жылғы деректеріне сәйкес, Франция түрмелеріндегі тұтқындар санының тығыздығы ең жоғары елдердің қатарына кіреді.

Бұған дейін Грузияның үш түрмесінде тұтқындар саны шамадан тыс артқанын хабарлаған едік.