Францияда 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерге тыйым салу жеделдетіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Франция президенті Эммануэль Макрон 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салуды жедел енгізу ниеті бар екенін мәлімдеді. Бұл туралы Euronews хабарлады.

Данияда 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салынады
Фото: Pexels

Заң жобасын жаңа оқу жылы басталғанға дейін, яғни қыркүйек айына қарай қабылдау жоспарланып отыр.

Бастаманың негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді цифрлық платформалардың «зиянды ықпалынан» қорғау.

Франция басшысының бұл шешімі Ұлыбритания үкіметі жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануын шектеу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдегеннен бірнеше күн өткен соң қабылданды. Бұл шаралар балаларды зиянды контенттен қорғау және экран алдында шамадан тыс уақыт өткізудің алдын алу үшін ұсынылған.

Азық-түлік қауіпсіздігі, қоршаған орта және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық агенттіктің (A.N.S.E.S) деректеріне сәйкес, Франциядағы әрбір екінші жасөспірім смартфонды күніне 2–5 сағат аралығында пайдаланады. 12–17 жас аралығындағы жастардың шамамен 90 пайызы интернетке күн сайын смартфон арқылы кірсе, 58 пайызы әлеуметтік желілерді тұрақты қолданады.

Баяндамада әлеуметтік желілерді шамадан тыс пайдаланудың теріс салдары атап өтілген. Олардың қатарында өзін-өзі бағалаудың төмендеуі, өз-өзіне зиян келтіру, есірткі қолдану және суицидке қатысты қауіпті контентке тап болу қаупінің артуы бар. Бірқатар француз отбасы жасөспірімдер арасындағы қайғылы оқиғалардан кейін TikTok платформасына қарсы шағым түсірген. Олардың пікірінше, бұл жағдайлар қауіпті контентпен байланысты.

Президент TikTok қолданудың салдарын зерттеу жөніндегі комиссияның баяндамашысы, депутат Лора Миллерге заң жобасын дайындағаны үшін алғыс білдіріп, үкіметтің бұл құжатты қолдағанын айтты.

Макронның айтуынша, тыйым 15 жасқа дейінгі балаларға арналған әлеуметтік желілерге және орта мектептердегі ұялы телефондарды пайдалануға қатысты болады. Оның сөзінше, бұл – жасөспірімдерге, ата-аналарға және мұғалімдерге түсінікті әрі нақты ереже.

Заң жобасы Франция Ұлттық жиналысында алғашқы оқылымда 26 қаңтарда қаралады.

Айта кетейік, Аустралия әлемде алғаш болып балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салған ел атанды.

Соңғы жаңалықтар