Францияда 400 адам ұсталды: тәртіпсіздік кезінде 60 полицей жарақат алды

АСТАНА. IKAZINFORM — Францияда жаппай тәртіпсіздікке байланысты 400 адам ұсталды. Бұл туралы бүгін кешке елдің ішкі істер министрі Лоран Нуньес мәлімдеді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

Францияда 400 адам ұсталды: тәртіпсіздік кезінде 60 полицей жарақат алды
Видеодан алынған кадр

17 қазан, сенбі күні болған тәртіпсіздіктер кезінде 60 полицей жарақат алған. Олардың екеуі ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген. Лоран Нуньестің айтуынша, полицейлердің бірі тас төсемнің бөлшегімен ұрылғаннан жарақат алған.

Министр зорлық-зомбылық әрекеттеріне ультрасолшыл топтардың қатысы бар деп есептейді. Оның сөзінше, жүздеген, тіпті мыңдаған адамнан құралған топтар елдің әртүрлі аймағында полиция қызметкерлеріне жаппай шабуыл жасаған.

Нуньес қауіпсіздік күштерінің әрекеті зорлық-зомбылыққа себеп болды деген пікірмен келіспейді. Сонымен қатар ол «күн әлі аяқталған жоқ» деп ескертті.

Париждің орталық ауданының мэрі Ариэль Вейль болған оқиғаларды «тонау көріністері» деп сипаттап, мұндай жағдайларды «сары жилеттер» қозғалысының наразылықтары кезінде де көрмегенін айтты.

BFMTV телеарнасының эфирінде ол бұрын-соңды мұндай ауқымдағы тонау оқиғаларына куә болмағанын жеткізді.

— Келтірілген залал мен тонау әрекеттерінің салдары өте ауыр болады деп қауіптенемін, — деді ол.

Сондай-ақ қала басшысы алдағы сағаттарға алаңдаушылық білдірді.

— Менің ойымша, қазір барынша жұмылып, жағдайға ерекше назар аударуымыз керек, — деді ол құқық қорғау органдарының шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп жатқанын айта отырып.

Оның сөзінше, полиция болып жатқан оқиғалар тіркелген барлық жерге бірдей жедел жетуде үлкен қиындықтарға тап болып отыр.

Ал Лимож қаласының мэриясы ғимаратында тәртіпсіздік кезінде бір топ адам шабуыл жасағаннан кейін өрт шықты. Жалын ғимараттың бір қанатын шарпып, шатырға дейін жеткен. Шатырдың тіреу арқалықтары опырылып кету қаупін төндіріп тұр.

Кешкі сағат 20:00 шамасында өрт сөндірушілер жалынның бүкіл ғимаратқа таралуына жол бермеу үшін жұмыс жүргізген. 1883 жылы ашылған тарихи ғимараттың сәулеттік жобасы Париж мэриясының үлгісінде жасалған.

Жүздеген адам өртті сырттан бақылап тұрған.

Франция премьер-министрі Себастьян Лекорню Ішкі істер министрлігінде ведомствоаралық дағдарыс штабының жұмысын басқарды. Оның құрамына Әділет министрі Жеральд Дарманен мен Ішкі істер министрі Лоран Нуньес те кірді.

Бұған дейін Францияда ел көлемінде жаппай наразылық өтіп жатқанын жаздық.