Францияда кибершабуыл салдарынан 22 миллион адамның жеке дерегі тараған
АСТАНА. KAZINFORM — Францияның La Poste пошта қызметіне тиесілі Maileva платформасына жасалған кибершабуыл салдарынан 22 миллионға жуық адамның жеке дерегі хакерлердің қолына түсті, деп хабарлайды Report.
Кибершабуыл қыркүйек айының ортасында болған. Хакерлер Maileva платформасы арқылы хат-хабар жіберілген адамдардың аты-жөні мен пошта мекенжайларына қол жеткізген.
Бұл сервисті шамамен 70 мың клиент пайдаланады. 2024 жылы платформа арқылы 180 миллион құжат жіберілген.
La Poste компаниясы кибершабуыл туралы Францияның Ақпараттық технологиялар және азаматтық бостандықтар жөніндегі ұлттық комиссиясына (CNIL) хабарлағанын мәлімдеді. Сондай-ақ прокуратураға арыз түсірген.
Бұдан бөлек, пошта қызметі деректердің таралуынан зардап шеккен барлық компанияны болған жағдайдан хабардар еткен.