Францияда миллиондаған еуро тұратын Ренуар картиналары ДНҚ арқылы табылды

АСТАНА. KAZINFORM – Францияда тергеушілер ДНҚ сараптамасы мен автокөлік қозғалысын бақылау деректерінің көмегімен музейден ұрланған әйгілі суретші Пьер Огюст Ренуардың екі картинасын тапты, деп хабарлайды Euronews.

Францияда түрмелерге шабуыл жасаған 25 адам ұсталды
Фото: Анадолы

Құны миллиондаған еуро болатын «Мадам Колонна Романоның портреті» және «Құдық басындағы жас әйел» картиналары қыркүйек айында Францияның Лазур жағалауындағы Кань-сюр-Мер қаласында орналасқан Ренуар музейінен ұрланған.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер электр құралымен музей қоршауын кесіп, ішке кірген. Олар төрт картинаның бекіткіштерін кесіп үлгергенімен, осы сәтте дабыл жүйесі іске қосылған.

Марсель қаласының прокуроры Николя Бессонның айтуынша, дабылдан сескенген ұрылар қашып бара жатып, екі картинаны тастап кеткен. Кейін бұл туындылар арнайы қорғаныш қаптамасының ішінен табылған.

Тергеудегі шешуші айғақ та осы қаптамадан анықталған.

– Қаптамадан табылған ДНҚ бұрын есірткі саудасына қатысты іс бойынша тергеуге іліккен 29 жастағы ер адамның генетикалық деректерімен сәйкес келді. Оның автокөлігі де тергеу аясында бақылауда болған. Қозғалыс деректерін зерттеу нәтижесінде күдіктінің ұрлықтан кейін 41 жастағы ер адаммен бірге үшінші адамның үйіне барғаны анықталды, – деді Николя Бессон.

Осы деректердің көмегімен тергеушілер қылмысқа қатысы болуы мүмкін адамдардың байланысын анықтаған.

Тергеу барысында күдіктілердің тағы бір өнер туындысын ұрлауды жоспарлауы мүмкін екені белгілі болды.

Атап айтқанда, 3 қазанда 29 жастағы күдіктінің Сен-Поль-де-Ванс қаласындағы Маг қорына барғаны тіркелген.

1964 жылы ашылған бұл мәдениет мекемесінде Пьер Боннар, Жорж Брак және Альберто Джакометти секілді танымал суретшілердің туындылары сақталған.

Бұдан кейін күдікті 2000 жылдардың басында өнер туындыларын ұрлау және қолдан жасау істері бойынша полицияға бұрыннан белгілі адаммен кездескен.

Прокурордың айтуынша, дәл осы жағдай құқық қорғау органдарын шұғыл әрекет етуге итермелеген.

– Жаңа тонау әрекеті жақын арада жасалуы мүмкін деген өте салмақты күдік туындады. Сондықтан күдіктілерді ұстау туралы шешім қабылданды, – деді Николя Бессон.

Тергеу барысында үшінші күдіктінің ұрланған картиналарды үйіндегі баспалдақ астындағы қабырғаның артына жасырғаны анықталған.

Құқық қорғау қызметкерлері Ренуардың екі картинасын сол жерден тәркілеп, қайтарып алған.

Қазіргі уақытта іс бойынша төрт ер адамға алдын ала айып тағылған. Тергеу жалғасып жатыр.