Францияда не болып жатыр: жаппай наразылықтың астарында не бар
Франциядағы жаппай тәртіпсіздіктер қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтарды ушықтырып, президент сайлауы қарсаңындағы саяси тартысты күшейтті. Тұрмыс құнының қымбаттауына және мемлекеттік шығындардың қысқаруына қарсы наразылықтардың астарында әлдеқайда күрделі мәселелер жатыр. Олардың қатарында радикалды қозғалыстардың күшеюі мен иммигранттар қауымдастығының француз қоғамына бейімделуіндегі қиындықтар бар. Бұл мәселелердің өзара байланысы және олардың Францияның саяси болашағына ықпалы туралы Kazinform агенттігінің халықаралық шолушысы Сұлтан Әкімбеков талдап көрді.
Әлеуметтік талаптар қалай жаппай тәртіпсіздікке ұласты
Қыркүйек айының соңында Францияда мектеп оқушыларының наразылық шерулері басталғанда, жұрт мұны үйреншікті құбылыс ретінде қабылдады. Оқиға осыншалықты ушығып, елдің түрлі қалаларында жаппай тәртіпсіздікке ұласады деп ешкім күтпеген еді. Әсіресе 17 қазанда жағдай күрделене түсті. Бұл кезде шерулердің негізгі мақсаты ереуілге шыққан жоғары сынып оқушыларының мүддесін қорғаудан әлдеқайда кеңейіп, тұрмыс құнының қымбаттауына және білім беруді қоса алғанда, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігінің төмендеуіне қарсы наразылыққа айналды.
17 қазанда көшеге жарты миллионға жуық адам шықты. Бейбіт шерушілердің арасында ұйымдасқан, радикалды көзқарастағы түрлі топтар да болды. Соның салдарынан көптеген мемлекеттік мекемеге шабуыл жасалып, Лимож қаласының әкімдігі өртелді, жүздеген дүкен тоналды. Францияның сауда министрі Серж Папиннің мәліметінше, тәртіпсіздіктерден кемінде 3 мың дүкен зардап шеккен.
Билік қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге күш салып жатыр. Бірақ қабылданған шаралар әзірге айтарлықтай нәтиже бермей отыр. Бұл тұрғындар мен кәсіпкерлердің наразылығын туғызды. 19 қазанда Францияның бірқатар қаласында коменданттық сағатқа байланысты шектеулер енгізілді. Қажет болған жағдайда шектеулерді кеңейту мүмкіндігі де қарастырылған. Тәртіпсіздіктер Франция аумағымен шектелмей, Италия мен Бельгияда да көрініс тапты. Демек, бұл оқиғаларды тек Францияға тән ішкі мәселе ретінде қарастыру қиын.
Франция үшін 17 қазандағы тәртіпсіздіктер бұрын-соңды болмаған жағдайға жетті. Көпшілік оларды 1968 жылғы студенттер толқуымен салыстырып жатыр. Ол кездегі оқиғалар нағыз революция ретінде бағаланған болатын. Осы тұста заңды сұрақ туындайды: қазіргі тәртіпсіздіктерді объективті себептері бар ауқымды әлеуметтік наразылықтың бір бөлігі деп қарастыруға бола ма? Әлде қоғамдағы наразылықты пайдаланып, күш көрсету мен қиратуға бейім жастар өз әрекеттеріне жол ашты ма?
«Бағынбайтын Франция» және солшыл сайлаушылар үшін күрес
Оқиғалардың ауқымы мен ұйымдасу сипаты билікке олардың саяси астары бар екенін айтуға негіз берді. Франция премьер-министрі Себастьян Лекорнюдің мәлімдеуінше, президент сайлауы қарсаңында елде бүлік шығаруды көздейтін әсіре солшыл қозғалыстың әрекет етіп жатқанына дәлелдер бар. Үкімет басшысы болған оқиғаларға радикалды күштердің бірлестігін кінәлап, олардың арасында «Бағынбайтын Франция» қозғалысының ықпалы зор екенін атап өтті.
Айта кетейік, «Бағынбайтын Франция» қозғалысы мен оның жетекшісі Жан-Люк Меланшон елдің саяси өмірінде бұрыннан бері өткір пікірталас туғызып келеді. Француз саясатындағы әсіре солшыл бағыттың өкілі саналатын Меланшон батыл, кейде саяси әдеп шеңберінен шығатын мәлімдемелерімен танымал. Бірақ мәселе оның жеке ұстанымымен ғана шектелмейді.
Меланшонның солшыл сайлаушылар арасындағы танымалдығы осы бағыттағы біршама қалыпты көзқарастағы саяси күштердің жағдайын қиындатып отыр. Олар кей жағдайда оның ықпалымен санасып, ымыраға келуге мәжбүр. Әсіресе президент немесе парламент сайлауы қарсаңында күш біріктіру қажеттігі туындағанда бұл мәселе айқын сезіледі. Өйткені солшыл партиялар Марин Ле Пен жетекшілік ететін әсіре оңшыл «Ұлттық бірлестік» қозғалысына қарсы тұру үшін өзара келісімге келуі керек.
Келесі жылы өтетін президент сайлауына Меланшон да қатыспақ. Болжам бойынша, ол сайлаушылардың 17–18 пайызының қолдауына ие болуы мүмкін. Бірақ мұндай нәтиже оның екінші кезеңге өтуіне жеткіліксіз. Соның салдарынан солшыл сайлаушылар тағы да әсіре оңшылдардың жеңіске жетуіне жол бермеу үшін оңшыл центристер ұсынған кандидатқа дауыс беруге мәжбүр болуы ықтимал.
Президент сайлауының тағдырын кім шешеді
Шын мәнінде, солшыл күштер үшін өз қатарынан Меланшонға қарағанда байыптырақ, бірақ сайлаудың екінші кезеңіне өте алатын ортақ кандидат ұсыну әлдеқайда тиімді болар еді. Мұндай жағдайда Марин Ле Пеннің жеңісіне жол бермеу үшін оңшыл центристердің өзі солшыл кандидатқа дауыс беруге мәжбүр болар еді. Сондықтан қазір Франциядағы ұстамды солшыл күштер ортақ кандидатты алдын ала дауыс беру, яғни праймериз арқылы анықтауды ұсынып отыр.
Бірақ Меланшон бұл ұсыныспен келіспейді және президент сайлауына жеке қатысуға ниетті. «Ұлттық бірлестіктің» танымалдығы артып келе жатқанын ескерсек, мұндай шешім сайлаудың екінші кезеңіне тағы да осы қозғалыстың өкілі мен оңшыл центристердің кандидаты шығатын жағдайға әкелуі мүмкін.
Демек, шешуші кезеңде Марин Ле Пен мен оңшыл центристердің өкілі кездесуі ықтимал. Соңғысының қатарында Гавр қаласының қазіргі мэрі, Францияның бұрынғы премьер-министрі Эдуард Филиптің мүмкіндігі жоғары. Өйткені оның сайлаушылар арасындағы көрсеткіші өзге кандидаттарға қарағанда жоғары.
Мұндай жағдайда сайлау «Ұлттық бірлестік» пен оған қарсы біріккен саяси күштердің тартысына айналады. Оңшыл және солшыл центристер, әсіре солшылдар, мұсылман қауымдастығының бір бөлігі және басқа да сайлаушылар Ле Пенге қарсы бірігуі мүмкін. Басты мәселе – Марин Ле Пен осындай кең ауқымды саяси одақтың қарсылығын еңсере ала ма?
Иммигранттар қауымдастығы және қоғамдағы жаңа қайшылықтар
Бұл жерде мұсылман қауымдастығының аталуына ерекше мән берген жөн. Өйткені олар Франциядағы сайлаушылар арасында барған сайын ықпалды топқа айналып келеді. Елде шамамен 6 миллион мұсылман тұрады. Олардың арасында Францияның бұрынғы Солтүстік Африка отарларынан, сондай-ақ Батыс Африка елдерінен шыққандар көп. Бұған Африкадан қоныс аударған христиандарды да қосуға болады. Жалпы алғанда, бұл топтар ел халқының шамамен 8–10 пайызын құрайды және сайлау нәтижесіне ықпал ете алатын елеулі күш саналады.
Олардың басым бөлігі «Ұлттық бірлестік» пен Марин Ле Пеннің саяси бағытын қолдамайды. Сонымен қатар мұсылман сайлаушылардың арасында Жан-Люк Меланшон жетекшілік ететін «Бағынбайтын Франция» қозғалысын жақтайтындар да аз емес. Мұның өзіндік себептері бар. Меланшон көші-қонды, соның ішінде отбасыларды біріктіру саясатын қолдайды. Бұған қоса, Израильдің, әсіресе Газа секторындағы әрекеттерін өткір сынап келеді.
Мұндай ұстанымы оның Франциядағы мұсылман қауымының белгілі бір бөлігінен қолдау табуына ықпал етеді. Оның үстіне Еуропадағы либералды көзқарастағы азаматтар арасында Палестинаны қолдайтын көңіл күйдің күшеюі Меланшонға жаңа саяси мүмкіндік ашып отыр. Ол бұл жағдайды алдағы президент сайлауында өз пайдасына жаратуға ұмтылатыны байқалады.
Дегенмен мәселенің күрделі тұсы бар. Францияда бұрынғы Солтүстік және Батыс Африка отарларынан қоныс аударған отбасылардың екінші және үшінші буыны арасында радикалды көзқарастардың, соның ішінде діни сипаттағы ұстанымдардың күшейгені байқалады. Сонымен бірге иммигранттардың бір бөлігі өз қауымдастығы шоғырланған аудандарда тұрады.
Неліктен билікке көшедегі наразылықты бақылау қиын
Бұл мәселенің тағы бір қыры мұсылман және жалпы иммигранттар қауымдастықтарының ішкі ұйымдасу ерекшеліктерімен байланысты. Мұсылман және шығыс қоғамдарынан шыққан қауымдардың бір бөлігі Еуропада қалыптасқан жеке адамның дербестігіне негізделген өмір салтына толық бейімделе алмай отыр. Соның салдарынан олар көбіне өз ортасында тұйықталып, біртіндеп қоғамнан оқшауланған аудандарда шоғырланады.
Аға буын Францияға қандай жағдайда келгенін, оның ішінде бұрынғы француз отарларындағы өмірді жақсы біледі. Ал кейінгі ұрпақтың бұрынғы метрополияға деген көзқарасы мүлде басқа. Олар мемлекеттен өз құқықтары мен әлеуметтік талаптарының орындалуын күтеді. Бұл белгілі бір дәрежеде Францияның өзіне тән наразылық білдіру дәстүрімен де үндеседі.
Бірақ мұнда ұйымдасу деңгейі жағынан елеулі айырмашылық бар. Шығыс қоғамынан шыққан қауымдастықтарда өзара байланыс пен қауым ішіндегі ынтымақ күшті. Сондықтан белгілі бір жағдай туындағанда олар қысқа уақыт ішінде көптеген жасты көшеге шығара алады. Францияда жаппай наразылық басталса, мұндай топтардың оған қосылуы да ықтимал.
Автордың пайымдауынша, иммигрант жастардың ұйымдасқан топтары мен француздың радикалды солшыл қозғалыстары біріккен жағдайда тәртіпсіздіктердің ауқымы ұлғая түседі. Бұл жолғы оқиғалардың бұрын-соңды болмаған деңгейге жетуіне түрлі факторлар, соның ішінде саяси мүдделер де әсер етуі мүмкін.
Француз мемлекетіне мұндай толқуларды тоқтату оңай емес. Жалпы, Еуропаның мемлекеттік институттарына қауымдастық негізінде ұйымдасқан шығыс қоғамымен жұмыс істеу күрделі міндет болып отыр. Бір қызығы, Солтүстік Африка елдерінің өзінде жастар саны әлдеқайда көп болғанымен, мұндай ауқымдағы жаппай толқулар сирек кездеседі. Ерекше мысал ретінде 2011 жылғы «Араб көктемін» атауға болады.
Мұның себебі араб елдеріндегі биліктің қатаңдығында ғана емес. Еуропа мемлекеттері шешім қабылдағанда қоғамдық пікірмен, әсіресе оның либералды бөлігімен, сондай-ақ сот жүйесі сияқты тәуелсіз институттармен санасуға тиіс. Ал шығыс қоғамында қауымдастық әлеуметтік өмірдің негізгі тіректерінің бірі саналады. Сондықтан жастардың қоғамға қайшы әрекеттері үшін қауым жетекшілерінің де жауапкершілігі бар.
Қауым басшылары мемлекетпен қатынас нашарласа, оның салдары өздерінің экономикалық мүдделеріне де әсер етуі мүмкін екенін жақсы түсінеді. Сол себепті олар жастардың әрекетін белгілі бір деңгейде бақылауға мүдделі.
Еуропада жағдай басқаша қалыптасқан. Мұнда шығыс қоғамынан шыққан қауымдастықтар болғанымен, олардың бір бөлігі қоғамнан оқшауланған аудандарда өмір сүреді. Шығыс елдерінде қауым жетекшілері экономика мен саясатқа тікелей араласса, Еуропада мұндай байланыс әлдеқайда әлсіз.
Оның үстіне мұсылман қауымдастықтарының табысқа жеткен өкілдері көбіне өз ортасынан алыстап, еуропалық қоғамға сіңісіп кетеді. Бірақ қауымдастық ретінде бірігуге деген ұмтылыс сақталады. Соның нәтижесінде пайда болған бос кеңістікті түрлі діни ұйымдар немесе жастар топтары толтыра бастайды.
Сондықтан Франциядағы қазіргі наразылықтарды 1968 жылғы студенттер толқуымен толық салыстыруға болмайды. Ол кезде наразылықтың негізінде солшыл либералды идеология жатты. Бүгінде де Францияда бұл саяси дәстүрдің ықпалы күшті. Қоғамның әлеуметтік саясатты кеңейтуді талап етіп, көшеге шығуға дайындығы да сақталған.
Бірақ қазіргі наразылықтарға жаңа сипат беретін тағы бір фактор бар. Ол – иммигранттар қауымдастығынан шыққан жастардың бір бөлігі кіретін ұйымдасқан радикалды топтардың белсенділігі.
Бюджет тапшылығы және әлеуметтік уәделердің құны
Меланшонның осы топтардың қолдауына сүйенуге тырысатынын ескерсек, олардың бір бөлігінің өзін «Бағынбайтын Франция» қозғалысымен байланыстыруы түсінікті. Премьер-министр Лекорнюдің тәртіпсіздіктерге осы партиямен байланысы болуы мүмкін радикалды солшыл күштердің қатысы бар екенін айтуына да осы жағдай негіз болған.
Бірақ бұл Меланшонның наразылықтарды ұйымдастыруға мүдделі болғанын білдірмейді. Ол шерушілерді қолдады, дегенмен тәртіпсіздіктерді тікелей ұйымдастырды деуге негіз аз. Оның үстіне мұндай әрекет алдағы сайлауда өзіне тиімсіз болуы мүмкін. Өйткені 17 қазандағы оқиғалар «Ұлттық бірлестіктің» танымалдығын арттыруы әбден ықтимал.
Сонымен бірге Меланшон мен радикалды топтардың арасындағы байланысты алға тартудың астарында саяси есеп те жатуы мүмкін. Өйткені Меланшонның беделі төмендесе, оның президент сайлауының екінші кезеңіне шығу мүмкіндігі де азаяды.
Қазіргі биліктегі оңшыл центристер үшін екінші кезеңге Гавр қаласының мэрі Эдуард Филиптің өткені тиімді. Мұндай жағдайда солшыл және әсіре солшыл күштердің жақтастары Марин Ле Пеннің жеңісіне жол бермеу үшін Филипке дауыс беруге мәжбүр болады.
Жалпы, Франция саясаты күрделі кезеңге аяқ басты. Саяси орталықтың әрекет ету мүмкіндігі барған сайын тарылып келеді. Бір жағынан әсіре солшылдар, екінші жағынан әсіре оңшылдар центристік күштерге қысымды күшейтіп отыр. Мұндай жағдайда ел алдындағы күрделі мәселелерді шешу қиындай түседі.
Соның бірі – бюджет тапшылығын қысқарту. Қазір Францияның бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 5,1 пайызына жеткен. Бұл Еуропалық одақ белгілеген 3 пайыздық шектен едәуір жоғары.
Наразылықтар қарсаңында, 16 қазанда Франция банкінің басшысы Эмманюэль Мулен 2029 жылға қарай бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 3 пайызына дейін төмендетуге болатынын мәлімдеді. Бірақ бұл мақсатқа жету үшін мемлекеттік шығындарды қысқарту қажет. Ал мұндай қадам француз қоғамының көңілінен шықпайтыны анық.
Себастьян Лекорню үкіметі 2027 жылғы бюджетте шығындарды 54 миллиард еуроға қысқартуды жоспарлаған. Мұндай шаралардың қоғам тарапынан қолдау табуы қиын.
Осы жағдайда 17 қазандағы толқулар мен бұрын-соңды болмаған қиратулардың салдары әртүрлі болуы мүмкін. Бір жағынан, билік қоғам талабына көніп, мемлекеттік шығындарды қысқартудан бас тартуы ықтимал. Бірақ елдің қарызға қатысты жағдайы өте күрделі. Сондықтан мұндай саясатты қанша уақыт жалғастыруға болатыны белгісіз.
Қазір Францияның мемлекеттік қарызы 3,595 триллион еуроға жеткен. Бұл Еуропалық одақ елдерінің жалпы 15,7 триллион еуролық қарызының шамамен 23 пайызына тең.
Екінші жағынан, жаппай тәртіпсіздіктер қоғамға үлкен әсер етіп, елде қоғамдық тәртіпті күшейтуді және мемлекеттік қаржыны қатаң бақылауға алуды талап ететін саяси күштердің беделін арттыруы мүмкін.
Қалай болғанда да, Францияны алда күрделі кезең күтіп тұр. Енді Франция билігіне елдегі тұрақтылықты сақтай отырып, халықтың әлеуметтік талаптарын орындау мен бюджет шығындарын қысқартудың жолын табу оңайға соқпайды