Францияда оқушылар наразылығы кезінде 24 оқу орны бүлінді

АСТАНА. KAZINFORM – Францияда жоғары сынып оқушыларының наразылығы кезінде 24 оқу орнында өрт шығып, ғимараттар бүлінді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.

Францияда оқушылар наразылығы кезінде 24 оқу орны бүлінді
Фото: x,com/@MarioNawfal

Бұл туралы жексенбі күні Ұлттық білім министрі Эдуар Жеффре France 2 телеарнасы мен France Inter радиосының эфирінде мәлімдеді. 

Оның айтуынша, қауіпсіздік талаптары сақталмаған 400-500 лицейде дүйсенбі, 5 қазан күнгі сабақтар толықтай немесе ішінара тоқтатылды. Бұған материалдық шығын мен қызметкерлерге жасалған шабуылдар себеп болған.

– Бұл жағдай қызметкерлеріміз бен оқушыларымыздың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді. Ұлттық білім беру жүйесінің 78 қызметкері жарақат алды. Біз бұған дейін мұндай жағдайға тап болған емеспіз. Оларға қасақана шабуыл жасалды, – деді Жеффре. Министрдің айтуынша, қозғалысқа радикалды солшыл топтардың белсенділері араласып, бастаманы лицей оқушыларынан «тартып алған» және өте қатал әрекет еткен.

Наразылықтар 17-21 қыркүйек аралығында Иль-де-Франс өңіріндегі Кретей академиясында басталып, кейін бүкіл елге тарады. Негізінен, 15-18 жастағы қатысушылар мұғалім жетіспеушілігін шешуді, сыныптардағы оқушы санын азайтуды, ғимараттарды жөндеуді және оқу кестесін жеңілдетуді талап етті. Сонымен қатар олар Parcoursup жүйесіне қатысты да шағым айтты. Лицей оқушыларының USL ұйымы мен Union étudiante студенттер кәсіподағы 1 қазанды наразылықтың «екінші кезеңі» деп жариялап, акцияларды 6 қазанда жалғастыруға шақырды.

Билік наразылықтардың оқу орындарын қоршаудан көшедегі тәртіпсіздіктерге ұласқанын хабарлады. Нант қаласында өрттен Нельсон Мандела атындағы лицейдің кіреберісі мен ішкі бөлмелері бүлініп, шығын 2 миллион еуродан асты. Руан, Марсель және басқа қалаларда да ғимараттар бүлінді. Марсельде мектеп қызметкерлеріне бензин шашылып, өрт сөндіру көлігі өртенді.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, апта басынан бері 5 мыңнан астам адам ұсталды, олардың көбі кәмелетке толмағандар. Сонымен қатар жүздеген полиция қызметкері мен жандарм жарақат алды. Премьер-министр Себастьен Лекорню ведомствоаралық дағдарыс штабының отырысын өткізіп, наразылықтардың ушығуын жауапсыздық деп атады. Үкімет бұл жағдайдың радикалдануын ультрасолшыл күштермен, соның ішінде «Бүлікшіл Франция» партиясының жақтастарымен байланыстырады.

Бұған дейін француз оқушыларының наразылығы 1 қазанда көршілес Бельгияға да жеткені хабарланған болатын.