Францияда Сальвадор Дали жасаған қола мұқаба ұрланды

АСТАНА. KAZINFORM – 4 қазаннан 5 қазанға қараған түні Францияның Овернь өңірі, Пюи-де-Дом департаментіндегі Иссуар коммунасында орналасқан Заманауи өнер орталығынан Сальвадор Дали жасаған «Әулие Иоаннның апокалипсисі» кітабының қола мұқабасы ұрланды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Францияда Сальвадор Дали жасаған қола мұқаба ұрланды
Фото: @L_ThinkTank / X

Ведомство ұрланған затты аса құнды, айрықша әрі бірегей өнер туындысы ретінде бағалады. Істі Клермон-Ферран жандармериясының тергеу бөлімі қарайды. Сарапшылардың бағалауынша, сирек жәдігердің құны 300 мың еуродан асады.

Le Parisien басылымының мәліметінше, жәдігердің жоғалғанын оның иесі дүйсенбі күні таңертең байқаған.  Тексеру барысында қала шетіндегі ғимараттың үлкен қақпасын бұзып кіргені анықталды. Салмағы шамамен 150 келі болатын затты ұрылардың қалай алып кеткені әзірге белгісіз, полиция осы жайтты анықтап жатыр.

Әңгіме 1958-1961 жылдары Овернь өңіріндегі өнер баспагері Жозеф Фордың бастамасымен, Иоанн Богословтың «Аян» кітабы желісі бойынша жасалған, әлемде жалғыз данасы бар бірегей туындының мұқабасы туралы болып отыр. Кітаптың жалпы салмағы шамамен 210 келі. Оның қола мұқабасын Сальвадор Дали жасап, оны алтынмен, асыл тастармен және теңіз қабыршақтарымен безендірген. Мұқабаның салмағы шамамен 150 келі. Кітаптың ішінде қолмен жазылған каллиграфиялық мәтіндер мен түрлі иллюстрациялар бейнеленген 150-ге жуық ірі пергамент парағы бар.

Бұл бірегей туындыны жасауға ХХ ғасырдың жеті суретшісі мен жеті жазушысы атсалысқан. Олардың қатарында Сальвадор Дали, Леонар Фужита, Бернар Бюффе, Жорж Матьё, Осип Цадкин, Леонор Фини, Пьер-Ив Тремуа, сондай-ақ Жан Кокто, Жан Жионо және Эмиль Чоран бар. TF1 мәліметінше, кітаптың парақтарын толық жайып қойғанда, олардың жалпы ұзындығы шамамен 150 метрге жетеді. Ал қолжазба мәтінінде 95 мыңға жуық таңба бар.

1961-1972 жылдары кітап 150-ге жуық көрмеге қойылғаннан кейін Швейцарияда сақталған. Кейін оны жапондық иелері сатып алып, кітапты бөлшектеп сатуды жоспарлаған. 2003 жылы еңбекті өнер туындыларын қалпына келтірумен айналысатын компанияның басшысы әрі Иссуардағы орталықтың негізін қалаушы Кристиан Карутцос сатып алған. Ол кітапты қанша қаржыға алғанын жарияламаған.

Кристиан Карутцостың AFP агенттігіне айтуынша, кітап жасалған кезде оның құны 2 млн ескі франкке бағаланған. Бұл қазіргі бағамен шамамен 305 мың еуроға тең. Сол кезде бұл туынды әлемдегі ең қымбат кітап саналған. Қазір оның мұқабасының құны бірнеше миллион еуроға бағаланып отыр.

– Өткен түні Францияға, француздың мәдени мұрасына ауыр соққы жасалды, – деді Карутцос жергілікті радиоға берген сұхбатында.

Иссуар мэрі Бертран Барро мұны орны толмас қасірет деп атап, кітапты өлшеусіз еңбек деп бағалады.

Le Figaro басылымы нақтылағандай, ұрлық болған кезде орталықта кітаптың мұқабасы ғана көрмеге қойылған. Көрме қазан айының соңына дейін жалғасатын еді. Ал пергамент парақтары бөлек жерде сақталған.

Ақзат Жиеналина