Францияда торнадодан 26 адам зардап шегіп, жүздеген үй қирады
АСТАНА. KAZINFORM – Францияның Од департаментінде болған торнадодан кемінде 26 адам зардап шекті. Табиғи апат жүздеген үйге зақым келтірді, деп хабарлайды Euronews.
Од префектурасының мәліметінше, торнадо дүйсенбі күні шамамен сағат 17:20-да Каркассон мен Лиму арасындағы мыңға жуық тұрғыны бар Помас коммунасын және оған жақын бірнеше елді мекенді шарпыған.
Әлеуметтік желілерде жарияланған видеолардан найзағайлы аспан астында бірнеше елді мекенді қуатты құйын басып өткенін көруге болады.
🌪️ Vidéo exceptionnelle de la #tornade qui a touché les environs de Carcassonne !
— vigiprevention_meteo (@VigipreventionM) August 24, 2026
Des grêlons de plusieurs centimètres, jusqu’à 3 à 5 cm, ont également touché les secteurs proches. Mais c’est surtout la tornade qui a causé d’importants dégâts, avec notamment des habitations… pic.twitter.com/KVTBgWanFG
🌪️ Autres images très impressionnantes de la tornade qui a circulé au sud de Carcassonne dans l'Aude, depuis la commune de Verzeille. Des dégâts sont signalés. (© Denis Maréchal) pic.twitter.com/RYiuPm0Xt5
— Météo Express (@MeteoExpress) August 24, 2026
Префектура 26 адамның орташа дәрежеде жарақат алғанын хабарлады. Олардың барлығына медициналық көмек көрсетіліп, бесеуі ауруханаға жеткізілді.
Зардап шеккендердің арасында үйі опырылып түскен жүкті әйел де бар. Құлаған үйінділерден оны диван қорғап қалған.
Торнадо айтарлықтай материалдық шығын келтірді. Помаста жүзге жуық үй бүлініп, көпшілігінің шатыры ұшып кеткен. Кейбір ғимараттар толығымен қираған.
Апат салдарын жоюға 115-тен астам өрт сөндіруші, оның ішінде қалалық ортада құтқару жұмыстарына маманданған 14 қызметкер мен кинологтар жұмылдырылды. Құтқару жұмыстарына Қызыл Крест ұйымы да қосылады.
Үйлеріне қайта алмайтын тұрғындар үшін Помас пен Лимуда екі уақытша орналастыру орны ашылды. Жандармерия бүлінген үйлерді күзету үшін зардап шеккен аудандарда патруль ұйымдастырды.
Дүлей дауыл жол қозғалысына да кедергі келтірді. Құлаған ағаштар мен құтқару жұмыстарына байланысты бірнеше жол жабылды.
Сағат 19:30-дағы жағдай бойынша Од департаментіндегі он шақты коммунада 2800-ге жуық үй электр жарығынсыз қалған.
Торнадо Францияның оңтүстік-батысындағы бірқатар аумақта ауа райына байланысты «қызғылт сары» қауіп деңгейі жарияланған кезде соққан. Météo-France мәліметінше, жел екпіні сағатына 117 шақырымға дейін жетті. Сағат 19:00-де «қызғылт сары» ескерту алынып тасталды.
Еске сала кетсек, бұған дейін АҚШ-та 50 млн-нан астам адамға торнадо мен күшті дауыл қаупі төніп тұрғанын жаздық.