Францияда түрмелерге шабуыл жасаған 25 адам ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы екі апта ішінде Францияда түрмелер мен түрме қызметкерлеріне жасалған шабуылдарға байланысты 25 адам ұсталды.

Бұл адамдар Франциядағы түрмелерге және олардың қызметкерлеріне сәуір айының ортасынан бері жасалған шабуылдарға байланысты Ұлттық терроризмге қарсы прокуратураның тергеуі аясында ұсталған, деп жазады Анадолы жергілікті БАҚ көздеріне сілтеме жасап.
Францияның әділет министрі Жеральд Дарманен әлеуметтік желідегі X парақшасында құқық қорғау және сот органдарына күдіктілерді ұстағандары үшін алғыс білдірді.
14-16 сәуірде және 21 сәуірде Тулон, Марсель және Люинь қалаларындағы түрмелерге шабуыл жасалып, соған қатысты тергеу басталған еді.
Министр түрмелерге шабуылдарды “терроризм актілері” деп атады.
Айта кетейік, бұған дейін Франция мешітіндегі кісі өліміне күдікті Италия полициясына өзі берілгенін жаздық.