Францияда жаппай наразылық қайта күшейді: 448 адам ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Францияда 5 қарашада өткен жаппай наразылық акцияларына кәсіподақтардың мәліметінше, 1,6 млн адам қатысты. Ал билік шеруге шыққандардың санын шамамен 600 мың адам деп бағалап отыр, деп хабарлайды DW.
Ел көлемінде өткен акциялар барысында кемінде 448 адам ұсталып, 53 полиция қызметкері жарақат алды.
Парижде наразылық шеруі негізінен бейбіт өтті. Он мыңдаған адам Республика алаңына жиналып, одан кейін Ұлт алаңына дейін жүріп өтті. Ұйымдастырушылардың бағалауынша, ел астанасындағы шеруге 350 мыңға дейін адам қатысқан.
Наразылық акциясына белгілі саясаткерлер Жан-Люк Меланшон, Марин Тонделье және Рафаэль Глюксманн да қосылды.
Шерулерге байланысты Эйфель мұнарасы жабылып, көптеген өңірлік пойыздардың қозғалысы тоқтатылды.
– Жаңа наразылық акцияларын кәсіподақтар ұйымдастырды. Оларға мектеп оқушылары мен студенттердің ұйымдары, сондай-ақ «сары жилеттер» қозғалысы қосылды. Елдегі орта мектептердің шамамен үштен бірі жабылды, олардың көпшілігінің жұмысын оқушылар бұғаттады. Мемлекеттік сектор қызметкерлерінің 10 пайызға жуығы ереуіл жариялап, жұмысқа шыққан жоқ, – делінген ақпаратта.
Бірқатар қалада наразылық білдірушілер мен полиция арасында қақтығыстар болды. Атап айтқанда, Марсель, Лион, Бордо, Страсбург, Нант, По, Орлеан, Ренн және Тулуза қалаларында тәртіпсіздіктер тіркелді.
Ел бойынша 86 өрт қою дерегі анықталған. Хабарламада мұндай әрекеттерге радикалды және әсіре солшыл топтардың қатысы бар екені айтылған.
Франция премьер-министрі Себастьен Лекорню наразылық білдірушілердің талаптарын талқылау үшін 9 қарашада арнайы конференция өткізілетінін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Францияда 5 қарашаға жоспарланған жаппай ереуілге бес ірі кәсіподақ ұйымы қатысатыны хабарланған болатын. Олар 2027 жылғы бюджетке, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысына қатысты шектеулерге және халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуіне наразылық білдірген.