Францияда жоғары сынып оқушыларының жаңа наразылық акциясы 8 қазанда өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Франция үкіметі жоғары сынып оқушыларының наразылығының төртінші толқынына дайындалып жатыр. Ішкі істер министрі Лоран Нуньес наразылық шаралары күз басталғалы бергі ең ауқымды мобилизациядан кейінгі күні Ұлттық ассамблеяда сөз сөйлеп жатыр.
Оқушылар мен студенттер кәсіподақтары қабылданған шараларды жеткіліксіз деп бағалап, 8 қазан, бейсенбі күні жаңа акция өткізуге шақырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Францияның Ұлттық білім министрлігі жоғары сынып оқушыларының наразылығы «күрт бәсеңдегенін» мәлімдеді. Министрлік елдегі мектептердің «оннан тоғызы қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын» хабарлады.
Министрліктің нақтылауынша, барлығы 459 оқу орнында сабақ толық немесе ішінара тоқтатылған. Оның 276-сында сабақ толық тоқтаса, 183-інде ішінара тоқтатылған. Бір күн бұрын, 6 қазанда, мұндай оқу орындарының саны 891 болған.
-Оқиғалар мен іркілістер саны да екі еседен астам азайды. Сәрсенбі таңынан бері 232 оқу орны зардап шекті, ал сейсенбі күні осы уақыттағы көрсеткіш 496 болған, – делінген министрлік хабарламасында.
6 қазан, сейсенбі күні ел бойынша жоғары сынып оқушылары қозғалысының «үшінші толқыны» өтті.
Ішкі істер министрлігі акцияға қатысушылар санын 266 мың адам деп бағалады. Оның шамамен 56 мыңы Парижде болды.
Акция ұйымдастырушыларының, соның ішінде Лицей оқушыларының кәсіподақтық одағы (Union syndicale lycéenne) мен студенттер одағының (Union étudiante) мәліметінше, наразылыққа 450 мың адам қатысқан. Оның шамамен 100 мыңы ел астанасында болған.
Лицей оқушыларына мұғалімдер, ата-аналар және кәсіподақтар, соның ішінде Францияның ең ірі Француз демократиялық еңбек конфедерациясы (CFDT) қосылды.
Париж, Лион, Страсбург, Ренн, Нант және Тулуза қалаларында шерулердің кіреберістерін бұғаттау, баррикадалар және шеру шетіндегі қақтығыстар тіркелді. Құқық қорғау органдары көзден жас ағызатын газ бен су атқыштарды қолданды.
Бір тәулікте 488 адам ұсталды. 48 полиция қызметкері жарақат алды. Биліктің бағалауынша, жалпы шерулер ірі оқиғаларсыз өтті.
Премьер-министр Себастьян Лекорню Ұлттық ассамблеяда сөйлеген сөзінде тәртіпсіздіктер басталғалы кемінде 215 жасөспірім мен 85 мектеп қызметкері зардап шеккенін хабарлады. Ол мұны «соңғы онжылдықтардағы мектеп жүйесі үшін ең ауыр салдар» деп атады.
Ішкі істер министрі Лоран Нуньес бұған дейін 700-ден астам полиция қызметкерінің жарақат алғанын айтқан. Қыркүйек айының соңынан бері 6,5 мыңнан астам адам ұсталды. Олардың басым көпшілігі кәмелетке толмағандар.
Білім министрі Эдуар Жеффре 24 лицейдің өртенгенін немесе қатты бүлінгенін және олардың бірнеше апта бойы ашылмайтынын хабарлады. Осыған байланысты шамамен 30 мың лицей оқушысы дәстүрлі форматтағы сабақтардан айырылды.
Ланс қаласында болған оқиға ерекше резонанс тудырды. 15 жастағы жасөспірім жарық-дыбыстық гранатамен байланысқаннан кейін қолынан айырылды. Тергеу барысында оның гранатаны өзі алған-алмағаны анықталып жатыр.
Тур қаласында оқушы көзінен көзден жас ағызатын газ баллонынан жарақат алған.
Ланстағы оқиғадан кейін Нуньес ASSD үлгісіндегі гранаталар енді лицей оқушыларының мобилизациясы кезінде қолданылмайтынын мәлімдеді. Құқық қорғау ұйымдары, соның ішінде Amnesty International, кәмелетке толмағандарға қатысты күш қолдануды сынға алды.
6 қазан кешке Президент Эмманюэль Макрон Елисей сарайында Премьер-министр Себастьян Лекорню, Ішкі істер министрі Лоран Нуньес және Білім министрі Эдуар Жеффрені шұғыл кеңеске жинады.
Франция президенті наразылық қозғалысына қатысты көпшілік алдында дерлік пікір білдірмей отыр. Ол шетелден жасаған мәлімдемесінде жастардың даулары мен алаңдаушылығы зорлық-зомбылықты ақтамайтынын айтты.
Себастьян Лекорню 7-9 қазан аралығында оқу орындарындағы сабақтарды ішінара тоқтатуды ұсынды. Білім министрлігі бұған дейін лицей оқушылары шағымдарын жасырын түрде жолдай алатын арнайы алаң ашқан.
Үкіметке ай соңына дейін оқу ғимараттарының жағдайы, сабақ кестесі және Parcoursup платформасындағы оқуға түсу жүйесі бойынша жол картасын әзірлеу тапсырылды.
Алайда кәсіподақ жетекшілері бұл шараларды жеткіліксіз деп бағалады. Ұйымдардың бір бөлігі шамамен 10 млрд еуро көлемінде шұғыл пакет қабылдауды талап етіп отыр. Ұсыныстар қатарында мұғалімдер жалдау, ғимараттарды жөндеу, сыныптардағы оқушы санын азайту және Parcoursup жүйесін қайта қарау бар.
Олар 8 қазанда наразылықтың «төртінші актісін» өткізуге шақырды. 7 қазан, сәрсенбі күні Париждегі бірқатар лицейдің, соның ішінде Hélène-Boucher және Voltaire оқу орындарының, сондай-ақ Sciences Po кіреберісіндегі блокадалар сақталды.
Жоғары сынып оқушыларының қозғалысы 17-21 қыркүйек аралығында Париж маңындағы Кретей қаласындағы Сент-Экзюпери лицейінде басталып, кейін Иль-де-Франс өңірінен тыс жерлерге де тарады.
15-18 жастағы оқушылар мұғалім жетіспеушілігін жоюды, сыныптардағы оқушы санын азайтуды, тозығы жеткен ғимараттарды жөндеуді, оқу күнін жеңілдетуді және Parcoursup жүйесін қайта қарауды талап етіп отыр.
Le Figaro басылымы үшін Odoxa жүргізген сауалнамаға сәйкес, бұл қозғалысты француздардың шамамен 62%-ы қолдайды.
Наразылықтар қатаң бюджет әзірленіп жатқан және 2027 жылғы президент сайлауына бірнеше ай қалған кезеңде өтіп жатыр. Эмманюэль Макронның екінші президенттік мерзімі аяқталуға жақын. Ол қайта сайлауға түсе алмайды.
Осыған дейін Франциядағы оқушылардың жаппай наразылығына байланысты Макрон шұғыл кеңес өткізгені туралы жаздық.