Францияда жүзім өнімі соңғы 30 жылдағы ең төменгі деңгейге түсуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Аптап ыстық пен құрғақшылық салдарынан Францияда биыл жүзім өнімі күрт азайып, соңғы 30 жылдағы ең төмен көрсеткіштердің бірі тіркелуі мүмкін, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еуропадағы меншікті тілшісі.

Франция ожидает самый низкий урожай винограда за последние 30 лет
Фото: Vinetur

Франция Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамы бойынша, 2026 жылы елде шамамен 33,9 млн гектолитр шарап өндіріледі. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 6%-ға, ал 2021-2025 жылдардағы орташа көрсеткіштен 17%-ға аз.

Егер болжам расталса, биылғы өнім соңғы 30 жылдағы ең төмен көрсеткіштердің бірі болады. Ал Халықаралық жүзім және шарап ұйымының (OIV) дерегіне сәйкес, бұл 1957 жылдан бергі ең төменгі нәтиже болуы ықтимал. Болжанып отырған шарап көлемі шамамен 4,5 млрд стандартты бөтелкеге тең.

Франция Ауыл шаруашылығы министрлігінің Agreste статистикалық қызметі өнімнің азаюына жүзім алқаптарының шамамен 2,5%-ға қысқаруы ғана емес, ең алдымен ауа райының қолайсыздығы әсер еткенін атап өтті.

– Жаз өте ыстық әрі құрғақ болды. Ел аумағында топырақтағы ылғал тапшылығы күшейіп, аптап ыстық жүзімнің күнге күюіне, жапырақтарының түсуіне және жемістерінің солуына әкелді, – делінген ведомство есебінде.

Ең күрделі жағдай Шампань өңірінде қалыптасқан. Мұнда тамыздың ортасындағы бағалау бойынша жүзім өнімі былтырғыдан 49%-ға, ал соңғы бес жылдағы орташа көрсеткіштен 47%-ға аз болады деп болжанып отыр. Жүзім шоқтарының салмағы соңғы 20 жылдағы ең төменгі деңгейге жеткен.

Бургундия мен Божоледе өнім көлемі шамамен үштен бірге, Луара аңғарында 12%-ға төмендеуі мүмкін. Ал Юра өңірінде өнім шамамен 37%-ға азайған.

Елдегі ең ірі шарап өндіретін аймақ Лангедок-Руссильонда өнім көлемі әлсіз болған 2025 жылмен салыстырғанда 5%-ға артады деп күтіледі. Дегенмен бұл көрсеткіш те көпжылдық орташа деңгейден төмен.

Бордода тамыздағы жауын-шашыннан кейін былтырғы жылмен салыстырғанда 10% өсім болжанып отыр. Алайда мұндағы өнім көлемі де соңғы бес жылдағы орташа көрсеткішке жетпейді.

Аптап ыстық жүзімнің ерте пісуіне әсер еткендіктен, Францияның көптеген өңірінде, сондай-ақ Еуропаның басқа елдерінде жүзім жинау науқаны әдеттегіден ерте басталды.

Франция Италиядан кейінгі әлемдегі екінші ірі шарап өндіруші саналады. Биылғы болжам расталса, бұл елдегі қатарынан үшінші әлсіз өнім болмақ. Бұған дейін 2024 және 2025 жылдары да жүзім өнімі төмен болған.

Франция үкіметі бұған дейін рекордтық аптап ыстықтан зардап шеккен фермерлерге 1 млрд еуродан астам төтенше көмек пакетін жариялаған. Қолайсыз ауа райы жүзім алқаптарымен қатар басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарына әсер етті.

Айта кетейік, Францияның оңтүстігінде тағы 225 гектар орман өртке оранды.