Франциядағы алапат өрттен келген шығын 500 млн еуроға бағаланды
АСТАНА. KAZINFORM – Франциядағы ірі орман өрттерінен келген материалдық шығын шамамен 500 млн еуроға бағаланды. Биыл өрт 117 мың гектардан астам аумақты шарпып, төрт өрт сөндіруші қаза тапты, деп хабарлайды Anadolu агенттігі.
Елдегі сақтандыру компанияларын біріктіретін France Assureurs ұйымының мәліметінше, биыл жазда Францияны шарпыған ауқымды өрттердің шығыны шамамен 500 млн еуроны құрады.
Өрттен әсіресе Францияның оңтүстігі қатты зардап шекті. Жиронда, Вар және Ланд департаменттерінде өрттен келген залалға байланысты 25 мыңға жуық өтініш түскен.
Ірі өрт ошақтары шілде айында пайда болып, бірнеше күн бойы жалғасты. Өрт тамыз айының ортасында толық сөндірілді.
Қолда бар мәліметке сәйкес, биыл Францияда өрт 117 мың гектардан астам аумақты жойды. Тілсіз жаумен күрес кезінде төрт өрт сөндіруші қаза тапты.
Ең көп зардап шеккен өңірлердің бірі – Жиронда департаменті. Мұнда бірнеше апта бойы өртті бақылауға алу мүмкін болмаған. Салдарынан 42 мың гектар аумақ өртеніп кетті.
Биылғы өрт маусымы Франция тарихындағы ең ауқымды өрт маусымы деп аталып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Франциядағы бес өрт сөндіру бөлімінен апаттық-құтқару жабдықтарының ұрланғаны хабарланған еді.