Франциядағы аптап ыстық: билік 60 департаментте қызғылт сары ескерту жариялады

АСТАНА. KAZINOFRM — Францияда 60 департаментте аптап ыстыққа байланысты қызғылт сары дабылды ескерту жарияланды. Елде ауа температурасы 41 градусқа жететіні болжанған, деп хабарлайды Анадолы

фонтан
Фото: Азертадж

Францияның ұлттық метеорологиялық қызметі — Météo-France мәліметінше, елдің кейбір өңірлерінде ауа температурасы 41 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Синоптиктердің болжауынша, аптап ыстық келесі аптада да сақталады.

Осыған байланысты ел билігі іс-қимылды үйлестіру жұмыстарын күшейтті. Премьер-министр Себастьян Лекорну мен 14 министрдің қатысуымен ведомствоаралық дағдарыс тобы шұғыл жиын өткізіп, қалыптасқан жағдайды талқылады.

Париж қаласында аптап ыстықтың салдарын азайту үшін бірқатар шара қабылданды. Атап айтқанда, қалалық саябақтартәулік бойы жұмыс істейтін болды. Сондай-ақ 17 маусымнан бастап тұрғындардың кешкі уақытта суға түсуіне мүмкіндік беру үшін Сен-Мартен каналының бір бөлігі ашылды.

Бұдан бөлек, мектептерді 1200 желдеткішпен жабдықтау және қоғамдық бассейндердің жұмыс уақытын кешкі сағат 20:00–ге дейін ұзарту жоспарланып отыр.

18 маусымда жарияланған Oxfam France есебінде Францияда ыстық ауа райының салдарынан жыл сайын 5 мыңнан астам адамның қайтыс болатыны айтылған.

Осыдан бір күн бұрын Францияда аптап ыстық басталғаны туралы хабарлаған болатынбыз.