Франциядағы жаппай наразылық: билік 70 мың тәртіп сақшысын жұмылдырды
АСТАНА. KAZINFORM — Франция билігі 24 қазан күні қымбатшылыққа қарсы және жоғары сынып оқушыларын қолдауға бағытталған жаппай наразылықтарды бақылау үшін қауіпсіздік күштерін жұмылдырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньес елде 70 мың полиция қызметкері мен жандарм іске кірісетінін мәлімдеді. Бұл 17 қазандағы көрсеткіштен 10 мыңға көп. Ішкі істер министрлігі сол кезде көшеге шамамен 550 мың адам шыққан десе, кәсіподақтар мен акция ұйымдастырушылары наразылыққа 800 мың адам қатысты деп есептейді. Сондай-ақ акция кезінде жаппай тәртіпсіздік, тонау және ғимараттарды өртеу оқиғалары тіркелді.
— Қоғамдық мүлікке зиян келтіргендерге қатаң шара қолданып, ешбір заңбұзушылықты назардан тыс қалдырмаймыз, — деді ІІМ басшысы.
Оның айтуынша, тәртіп сақтауға аумақтық бөлімшелер мен мобильді күштерден бөлек, RAID, GIGN және BRI арнайы жасақтары да тартылды. Олар наразылық білдірушілермен тікелей байланысқа түспей, стратегиялық нысандарды күзетеді.
Жандармерияның 20-ға жуық Centaure броньды көлігі, полицияның 15 су шашатын машинасы, тікұшақтар, дрондар мен оларға қарсы құралдар да тартылды. «Сентинель» операциясына қатысқан әскери қызметшілердің бір бөлігі нысандарды күзетіп, полицияның шеру кезіндегі жұмысын жеңілдетеді.
Министр Нуньес әлеуметтік желілерде әсіре солшылдар мен радикалды солшыл топтардың тәртіпсіздік жасап, дүние-мүлікті талқандауға шақырғанын атап өтті. Бұған жауап ретінде билік бақылауды күшейтіп, Лион, Марсель, Ницца және Париж орталығындағы бірқатар ауданда наразылық акцияларына тыйым салды, сондай-ақ шеру бағыттарын шектеді. Қауіпті аудандарда түнгі коменданттық сағат енгізілді. Негізінен, тек келісілген кәсіподақ шерулеріне рұқсат берілді.
Парижде қауіпсіздік мақсатында Лувр, Орсе, Пикассо музейлері мен Гран-Пале жабылды. Ал Art Basel Paris жәрмеңкесін ұйымдастырушылар шараны екі күн бұрын аяқтады.
Болжам бойынша, сенбі күні наразылық акцияларына 400-500 мың адам қатысуы мүмкін. «Сары кеудешелілер» айналма жолдарды, жанармай құю бекеттерін, вокзалдар мен жаяу жүргіншілер көпірлерін жабуды көздейтін 700-ден астам акция өткізуді жоспарлап отыр. Тағы бір шиеленіс ошағы Орлеан қаласында болуы мүмкін. Мұнда «Ұлттық бірлестік» партиясының екі күндік съезі өтеді. Болжам бойынша, съезге қарсы наразылық білдіру үшін қалаға 20-30 мың адам келеді.
Орлеан қаласында әсіре оңшыл саясаткер Марин Ле Пен президенттік науқанын бастайтынын ресми түрде жариялайды деп жоспарланып отыр.
Kazinform агенттігіне берген түсініктемесінде Франциядан сайланған Еуропарламент депутаты Виржини Жорон елдегі тәртіпсіздіктер мен жаппай төңкерісті соңғы 40 жылдағы үстірт шешімдердің салдары деп атады.
Оның айтуынша, қала маңындағы мәселелер, білім беру дағдарысы мен бақылаусыз көші-қон жастардың бір бөлігін Франция қоғамының дәстүрлі құндылықтарынан алыстатқан.
Еуропарламент депутаты әлеуметтік-экономикалық талаптармен шеруге шыққан студенттер мен радикалды көзқарастағы құқық бұзушыларды ажырату маңызды екенін атап өтті.
«Ұлттық бірлестік» партиясы құқық қорғау органдарына қолдау көрсетуді, түрмелер санын арттыруды, жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуді және радикалды топтарды экстремистік әрі террористік ұйымдар тізіміне енгізуді ұсынады. Депутаттың айтуынша, «Ұлттық бірлестікті» қолдайтындар қатары артып келеді. Француздар қауіпсіздік пен тәртіпті қалайды және 2027 жылғы сайлаудан өзгеріс күтеді.
Бұған дейін Франция президенті Эмманюэль Макрон жоғары сынып оқушылары ұйымдарының өкілдерімен кездесті. Олар кездесуді жалпы оң бағалағанымен, нақты шаралар қабылданғанша наразылықты жалғастыруға шақырды. Негізгі талаптары – Parcoursup платформасын реформалау және білім саласына қосымша қаржы бөлу. Премьер-министр Себастьен Лекорню олармен дүйсенбі күні кездеседі.
17 қазандағы оқиғалардан кейін мыңдаған адам ұсталды. Сенбі күні ғана 2 400-ден астам адам қолға түсіп, кейінгі тексерулер барысында тағы жүздеген адам құрықталған. Сақтандыру саласының сарапшыларының мәліметінше, келтірілген шығын жүздеген миллион еуроны құрайды. Ал сақтандыру өтемақысының көлемі 1-1,2 млрд еуроға дейін жетуі мүмкін. Билік сот процестері жедел жүргізілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ күш қолдану кезінде пропорционалдық қағидаты сақталатынын атап өтті.
Бұған дейін Парижде тәртіпсіздікке байланысты Лувр, Орсе, Пикассо мұражайы және Гран-Пале жабылатыны хабарланған болатын.