Францияның мемлекеттік қарызы рекордтық деңгейге жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Францияның мемлекеттік қарызы 2026 жылдың бірінші тоқсанында алғаш рет 3,5 трлн еуродан асып, 3,536 трлн еуроға жетті. Бұл елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) шамамен 117,5%-ына тең. Бұл туралы Францияның Ұлттық статистика және экономикалық зерттеулер институты (INSEE) мәлімдеді. 

Франция, флаг
Фото: freepik.com

Аталған көрсеткіш Еуропадағы ең ірі экономикалардың бірі саналатын Франция үшін жаңа антирекорд болды. Алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда мемлекеттік қарыз 75,6 млрд еуроға өскен. 2025 жылдың соңында бұл көрсеткіш ЖІӨ-нің 115,6–116%-ын құраған.

Мамандардың айтуынша, қарыздың өсуіне мемлекеттік бюджет тапшылығы негізгі себеп болып отыр. 2025 жылы бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің шамамен 5,1%-ын құрады. Франция үкіметі 2026 жылы оны 5%-ға дейін төмендетуді жоспарлағанымен, саяси тұрақсыздық пен әлеуметтік салаға, қорғанысқа және «жасыл» экономикаға жұмсалатын шығындар бұл мақсатқа қол жеткізуді қиындатып отыр.

Биыл мемлекеттік қарызды өтеуге жұмсалатын шығын 74 млрд еуродан асуы мүмкін. Бұл сома жоғары білім беру немесе ұлттық қорғаныс сияқты негізгі салалардың шығындарымен шамалас. Сонымен қатар Францияға бұрынғы міндеттемелерін қайта қаржыландыру үшін 310 млрд еуро көлемінде жаңа қарыз тартуға тура келеді.

Еуропалық комиссия мен халықаралық рейтингтік агенттіктердің бағалауынша, егер терең фискалдық реформалар жүргізілмесе, 2027–2029 жылдары Францияның мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің 120–122%-ына дейін өсуі ықтимал.

Салыстыру үшін, Германияның мемлекеттік қарызы қазіргі уақытта ЖІӨ-нің шамамен 64%-ын құрайды.

Франция билігі 2029 жылға қарай бюджет тапшылығын Еуроодақтың талаптарына сәйкес 3%-дан төмен деңгейге түсіруді жоспарлап отыр. Алайда сарапшылар 2027 жылғы президент сайлауы мен елдегі әлеуметтік шиеленіс жағдайында бұл жоспардың орындалуына күмән келтіруде. 

Айта кетелік Өзбекстанның мемлекеттік қарызы 47 млрд долларға жуықтады