Франция Ішкі істер министрі ЖОО-ларда хиджаб киюге тыйым салуды қолдады

АСТАНА. KAZINFORM — Францияның Ішкі істер министрі Бруно Ретайо университеттерде хиджаб киюге тыйым салу идеясын қолдады, деп хабарлайды Анадолы.

Францияның Ішкі істер министрі хиджабты университеттерде киюге тыйым салуды қолдады
Фото: Анадолы

RMC телеарнасының эфирінде сөйлеген министр жоғары оқу орындарында хиджабқа тыйым салу мәселесіне қатысты түсініктеме берді.

Жүргізушінің «Университеттерде хиджабқа тыйым салу керек пе?» деген сұрағына Ретайо оң жауап берді.

— Иә, мен мұны қалаймын, өйткені мен дәстүрлі мұсылман дініне еш қатысы жоқ исламизмнің қалай дамып жатқанын көріп отырмын, — деді ол.

Министрдің айтуынша, мәселе «өз құндылықтарын, соның ішінде әйелдің ер адамға бағынышты болуы керек деген идеяларды таңатын исламизм» төңірегінде болып отыр.

Ол мұндай құбылыстар ерекше сақтықты талап ететінін атап өтті.

Сонымен қатар Ретайо оның ұстанымын мұсылмандарға қарсы дұшпандық ретінде қабылдауға болмайтынын мәлімдеді.

— Саяси ислам мұсылмандардың сенімін бұрмалайды, — деді ол.

Министр өзінің қоғамда үлкен резонанс тудырған «Хиджабқа өлім» деген сөздерін түсіндіре отырып, айтқан сөзінің түпкілікті мәнінен бас тартпайтынын жеткізді.

Еске салсақ, 26 наурызда Парижде министр сахнада тұрып: «Спорт жасасын, хиджаб жойылсын!» деп ұрандатқан болатын.

Францияда 2004 жылдың наурыз айынан бастап бастауыш және орта мектептерде хиджаб киюге тыйым салатын заң күшіне енді. Алайда қазіргі уақытта университеттер бұл заңның қолданысынан тыс қалып отыр.

Соңғы жаңалықтар