Француз үкіметі Майоттаны екі жыл ішінде қалпына келтіруді көздеп отыр

АСТАНА. KAZINFORM — «Шидо» дауылынан зардап шеккен Францияның шетелдегі Майотта департаменті екі жыл ішінде қалпына келтіріледі деп жоспарланып отыр.

Франциядағы жойқын циклон
Фото: Reuters

Бұл туралы республиканың премьер-министрі Франсуа Байру архипелагқа жасаған жұмыс сапары барысында мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі. 

Оның үндеуін BFMTV телеарнасы көрсетті. 

— Бұл — біздің алдымызға қойған мақсат, — деп жауап берді министрлер кабинетінің басшысы қалпына келтіру жұмыстарын екі жылда аяқтау мүмкін бе деген сұраққа.

Байру сонымен қатар «Шидо» дауылы салдарынан департаментте бірнеше жүздеген адамның қаза болуы мүмкін екенін атап өтті.

— Мыңдаған адам өлімі туралы қауесет негізсіз. Біз бірнеше ондаған немесе жүздеген адамдар туралы айтып отырмыз, — деді ол.

Бұған дейін премьер-министр үкімет Майоттаны қалпына келтірудің ұзақ мерзімді жоспарын әзірлегені туралы хабарлаған болатын.

Байру Мамудзуға (департаменттің әкімшілік орталығы) дүйсенбі күні келді. Онымен бірге білім министрі Элизабет Борн мен шетел істері министрі Манюэль Вальс бар.

Дауыл Майоттада 14 желтоқсанда соғып, желдің екпіні 55 м/с-тан асты. Жергілікті биліктің мәліметінше, табиғи апат салдарынан 39-дан астам адам қаза тауып, 5,6 мыңнан астам адам жарақат алған.

Еске сала кетсек, бұған дейін Үнді мұхитындағы Францияға тиесілі Майотта архипелагында «Шидо» атты жойқын цилоннан соң құтқару жұмыстары жүріп жатқанын жазған едік.

Кейіннен Франция президенті Эмманюэль Макрон Майоттаға ұшып, ұлттық аза тұту жариялайтыны белгілі болды.