Фредди Меркьюридің Лондондағы үйі 38 миллион долларға сатуға қойылды

Фредди Меркьюри
Фото: АЗЕРТАДЖ

ЛОНДОН. KAZINFORM – Лондонның беделді Кенсингтон ауданындағы атақты Queen тобының әншісі Фредди Меркьюриге тиесілі Garden Lodge сарайы 30 миллион фунт стерлингке (38 миллион доллар) сатылуы мүмкін.

АЗЕРТАДЖ The Daily Telegraph басылымына сілтеме жасап хабарлауынша, 1907 жылы салынған үйдің көлемі мен схемасы туралы деректер «құпиялылық мақсатында» жария етілмейді. Дәл сол себепті оны сату туралы хабарландыру интернетте жарияланған жоқ, бірақ Knight Frank жылжымайтын мүлік агенттігі әлеуетті сатып алушылармен жеке келіссөздер жүргізуге дайын.

Үйді көруді ғана қалайтын жанкүйерлерді тоқтату үшін олардың төлем қабілеттілігі мұқият тексеріледі деп күтілуде. Қазіргі уақытта асхана мен дәлізде түсірілген интерьердің екі фотосуреті ғана жарияланған.

Меркьюри 1980 жылы сатып алып, 1991 жылы қайтыс болғанға дейін тұрған үйін Queen жетекшісі өмірінің махаббаты және әйелі Мэри Остинге мұра етті. 2023 жылдың соңында 72 жастағы Остин музыканттың 1500 жеке заттары топтамасын аукционға қойды, енді ол екі баласымен 30 жылдан астам тұрған үйін сатуға шешім қабылдады.

Балалардың әкесі суретші және кәсіпкер Пирс Кэмеронмен Остин 1990 жылдан 1993 жылға дейін ресми некеде болған.

Топ жанкүйерлерінің көптеген жазулары мен сызбалары қаптаған, сарайдың айналасындағы бақшаны қоршап тұрған кірпіш қабырғадағы есік өткен жылы Sotheby's аукционында шамамен 413 мың фунт стерлингке (524 мың доллар) сатылған.

Queen туралы

Британдық топта 15 студиялық альбом бар, олардың жалпы таралымы 100 миллион данаға жақындайды. Queen-нің соңғы студиялық альбомы 1995 жылы шықты.

Фронтменнің қайтыс болуына және басист Джон Диконның кетуіне қарамастан, Queen әлі де жаңартылған құраммен белсенді өнер көрсетіп келеді. Топтың ең танымал әндері: We Are the Champions, Bohemian Rhapsody, We Will Rock You, The Show Must Go On, I Want Break Free, A Kind of Magic.

2001 жылы топ Рок-н-ролл Даңқ Залына енгізілді, ал 2002 жылы музыкадағы жетістіктері үшін топтың құрметіне Голливуд Даңқ аллеясында жұлдыз орнатылды.

2018 жылы Меркьюридің өмірі туралы баяндайтын фильм Bohemian Rhapsody жарыққа шығып, төрт Оскар сыйлығын жеңіп алды.

Басты актер, америкалық Рами Малектің актерлік шеберлігі де алтын статуэткамен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар