Фристайлдан жеңіске жеткен еліміздің спортшылары мектеп оқушыларымен кездесті

АЛМАТЫ. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Ақ Азиада ойындарында Фристайлдан жеңіске жеткен еліміздің спортшылары Алматыдағы №73 мектеп-гимназиясының оқушыларымен кездесіп, өз әсерлерімен бөлісті.

Фристайлдан жеңіске жеткен еліміздің спортшылары мектеп оқушыларымен кездесті

Спортшылардан фристайлдан Францияда өткен XXV әлемдік қысқы универсиаданың чемпионы Дарья Рыбакова мен осы ойында қола медаль алған Денис Моисев, студенттер арасында атудан әлем чемпионы болған Александра Малиновская және 7-Қысқы Азия ойындары аясында өткен фристайлдан могул жаттығуы бойынша чемпион атанған Юля Галышева мен Дмитрий Рейхард болды.

Фристайл мен сноуборд Ұлттық федерациясының вице-президенті, Қазақстанның шаңғы спорт ойындары қауымдастығының Бас хатшысы Николай Гуцель оқушыларға аталған спортшыларымыздың жеткен жетістіктерін баяндай келе: "Биік белестерді алу үшін әр адам мектеп қабырғасынан бастап алдына нақты мақсаттар қоя білуі керек және соған жету үшін көп тер төгу керек. Сонда ғана нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізесіздер. Соның айғағы ретінде кеше ғана мектеп бітіріп, үлкен жеңістерге жеткен алдарыңда отырған спортшыларды мақтана айта аламын",- деді.

Сонымен қатар ол спортшыларымыз халықаралық спорттық додаларда абыройлы өнер көрсетіп, еліміздің ән-ұранын бірнеше рет шырқатқанын айтты. "Бір елдің әнұраны өзге елде екі жағдайда ғана шырқалады. Біріншіден, басқа елдің Президенті келген кезде және халықаралық спорттық ойындарда жеңіске жеткен спортшының мемлекеттік гимні орындалады. Осы тұста біздің спортшылар да қалыс қалып жатқан жоқ", -дейді Н. Гуцель.

Спортшылар да оқушылардың патриоттық сезімін нығайтып, одан әрі жігерлендіре түсу үшін өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.

Ал, оқушылар өз кезегінде спортшыларға арнап дайындаған концерттік бағдарламаларын ұсынды.