Фристайлшы Маржан Ақжігіт Олимпиададағы сәтсіз өнерін түсіндірді

ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында фристайл-акробатикадан ел намысын қорғаған қыздарымыздың бірі Маржан Ақжігіт жарыстан кейінгі әсерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фристайлшы Маржан Ақжігіт Олимпиададағы сәтсіз өнерін түсіндірді

"Жарыс өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бірақ, бұл менің бірінші Олимпиадам, сондықтан қобалжу болды. Жақсы нәтиже көрсете алмадым. Есесіне, үлкен тәжірибе алдым. 17 жасқа жаңа толып жатырмын. Болашағым алда деп ойлаймын. Енді, төрт жылдан кейін келетін ойындарда жүлдеге таласатын боламын. Бұл жолы ата-анам, елім түсіністікпен қарайды деп үміттенемін. Кілең мықтылармен сайысқа шықтық. Келесі Олимпиадада осындай нәтижеге қол жеткізсем оның жөні басқа болады" - деді жас спортшы Маржан Ақжігіт.

Сондай-ақ ол барлық туған туыстары мен оған қолдау білдірген барша қазақстандықтарға алғысын білдірді.

"Барлық туыстарым, әке-шешем, мен сіздерді сағындым. Барлықтарыңызға Ақ Олимпиада алаңынан сәлем жолдағым келеді. Достарым, мені қолдап жатқандарыңыз үшін сіздерге де рахмет", - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Маржан Ақжігіт фристайл-акробатикадан сынға түсті. Іріктеу кезеңінде қателіктерге бой алдырып, жарыстың келесі межесіне өтпей қалды.