ФУТБОЛ: А. Есімов журналистер командасының құрамында қарсыластар қақпасына 3 гол салды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда журналистер құрама командасы «Былғары доп» турнирінің үздік ойыншыларынан құралған құрама команданы 4:0 есебімен тізе бүктірді.

ФУТБОЛ: А. Есімов журналистер командасының құрамында қарсыластар қақпасына 3 гол салды

Журналистер командасы сапында ойнаған Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов 3 гол салып хет-трик жасады.

Журналистер күні қарсаңында ұйымдастырылған бұл жолдастық кездесуде жасыл алаңға Жанарбек Әшімжан, Амангелді Сейітханов, Гений Төлегенов секілді белгілі журналистер шықты.

Ал қарсыластар командасында «Былғары доп» турнирінің 2011-2012 маусымының жеңімпаздары 15 жастағы балғын футболшылар өнер көрсетті. Олар кезінде «КОПА Кока-Кола» халықаралық турирінде екінші орын алған болатын. Араларында Бразилиядан бүгін ұшып келген, онда футболдан әлем біріншілігінің ашылу салтанатын, алғашқы матчты тамашалап қайтқан Тәукехан Жүніс, Шадияр Арынтай және Айдос Пошан да ойнады. Жас футболшылар Бразилияға «Былғары доп» турнирінің ең үздік ойыншылары ретінде барған болатын.

«Қазір Бразилияда футблдан әлем біріншілігі өтіп жатыр. Оған қоса Журналистердің кәсіби мерекесі де жақындап келеді. Жалпы журналистер спортқа өте жақын халық қой. Сондықтан біз Алматы қаласының әкіміне өтініш жасадық.. Әкім өтінішімізді қабыл алды. Сондықтан осы жолдастық кездесуді ұйымдастырдық. Журналистер жеңіске жетіп, мерейімізді үстем етті» - деді өз сөзінде Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев.