Футбол: «Ақтөбе» мен «Тобыл» командалары тең тарқасты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионаты екінші турында Алматыдағы «Жас қыран» стадионында «Ақтөбе» Қостанайдың «Тобыл» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футбол: «Ақтөбе» мен «Тобыл» командалары тең тарқасты

Премьер-лигаға қайта оралған ақтөбеліктер бірінші турда Ақтауда «Каспиймен» тең ойнаса, қостанайлықтар «Ақжайықты» 2:0 есебімен ұтқан еді.

Бұл жолы бірінші таймда есеп ашылған жоқ.

Матчтың екінші кезеңінде 54-минутта «Ақтөбе» сапындағы өзбекстандық шабуылшы Игорь Сергеев мергендік танытып, есеп ашты. Дегенмен 71-минутта Серікжан Мужиков орындаған айып добын «Ақтөбе» қақпашысы Жасур Нарзикулов қайтарғанымен, оған бірінші болып жеткен Орал футболының түлегі Руслан Валиуллин таразы басын теңестірді – 1:1.

Осылайша екінші турдың соңғы ойынында «Ақтөбе» мен «Тобыл» тең тарқасты.

Турнир кестесінде Алматының «Қайраты» 6 ұпаймен көш бастаса, одан кейінгі орындарда 4 ұпаймен «Астана», «Тобыл», «Тараз» командалары келеді.

Үшінші турдың кездесулері 4 сәуір күні өтеді. Онда «Каспий» - «Жетісу», «Тобыл» - «Астана», «Атырау» - «Ақтөбе», «Ордабасы» - «Ақжайық», «Тұран» - «Қайсар», «Қызылжар» - «Шахтер» командалары өзара сынға түседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жетісудің» «Тұранды» ойсырата ұтқанын, «Ақжайықтың» алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.