Футбол: «Ақтөбе» жеңіліп, «Локомотив» жеке дара көш бастады
АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ -Футболдан Премьер-лига клубтары арасындағы Қазақстан чемпионатының 6-шы турынан кейін Астананың «Локомотив» командасы жеке дара көш бастады.
Әлі бірде-бір кездесуде жеңілмеген елордалықтардың еншісінде 18 ұпай бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кеше өткен алтыншы турда «Локомотив» өз алаңында 2008 жылғы чемпионаттың күміс жүлдегері Қостанайдың «Тобылын» қабылдап, 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал «Локомотивпен» иық тірестіріп келе жатқан «Ақтөбе» бұл турда өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесінен» 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Сөйтіп екінші орынға сырғыды. Премьер-лиганың дебьютанты Сәтбаевтың «Қазақмыс» командасының аяқ алысы жаман емес. Олар өз алаңында Өскеменнің «Востогынан» 3:2 есебімен басым түсіп, үшінші орынға нық бекіді. Бұл турдағы қалған кездесулердің нәтижелері мынадай. «Қайсар»-«Ордабасы» 1:1, «Ертіс»-«Тараз» 0:0, «Жетісу»-«Қызылжар» 4:0, «Атырау»-«Шахтер» 2:0.