Футбол: «Ақжайық» «Ақтөбемен» тең ойнады
ОРАЛ. 30 наурыз. ҚазАқпарат - 30 наурыз күні футболдан Қазақстан чемпионаты премьер-лигасының үшінші турында Оралдың «Ақжайығы» көш басындағы «Ақтөбе» командасын қабылдады.
Оралдықтардан беларусь легионері Игорь Зеньковичтің жарақаттанып қалуына байланысты оның орнына жартылай қорғаушы Сергей Шевцов шығып, чех Павел Черны шабуыл өтіне қарай ойысты. Бастапқыда қос команда қорғанысқа көңіл бөліп, аса сақ ойнады. Әсіресе, «Ақжайық» қарымта шабуылға шығып отырды. Сондай сәттің бірінде, 32-минутта камерундық жартылай қорғаушы Саджо Хаман баспен қонақтардың қақпасын дәл көздеді. Алайда арада бір минут өтпей жатып ақтөбеліктердің капитаны, көпті көрген қорғаушы Петр Бадло есепті теңестіріп кетті.
Екінші таймда ақтөбеліктер ширағырақ ойнады. Алайда бірнеше мүмкіндікті пайдалана алмады. Есесіне оралдықтардың ойыны қожырап, әсіресе, шабуыл шебінде өжеттік танытқан жоқ. Николай Забродин мен Саджо Хаманды алмастырған Алексей Мальцев пен 1996 жылғы Иван Антипов та кездесуге жан кіргізе алмады. Сөйтіп матч 1:1 есебімен тең аяқталды.
Үш турдан кейін 7 ұпаймен ақтөбеліктер бұрынғыша топ бастаса, 5 ұпайы бар «Ақжайық» «Таразбен» 2-3 орындарды бөлісуде. Оралдықтар келесі кездесуін сырт алаңда 6 сәуір күні тағы бір мықты команда Қостанайдың «Тобылымен» өткізеді.