Футбол: «Ақжайық» алтыншы орынға көтерілді
Батысқазақстандықтардың бас бапкері Вахид Масудов команда құрамында сәл-пәл өзгеріс жасап, қорғаушы Бауыржан Омаровты, алдыңғы шепте чилилік Матиас Рубионы бірден ойынға қосты. Ал жартылай қорғаушы Руслан Валиуллин қосалқы құрамда қалды.
Ойын алаң иелерінің басымдылығымен өткенімен, бірінші таймда «Тобылдың» құрамындағы сербиялық шабуылшы Джордже Деспотовичтің тепкен айып добын «Ақжайықтың» қақпашысы Денис Төлебаев қайтара білді. Екінші таймда В.Масудов алаңда біраз тер төккен Азат Ерсалимовтың орнына талайды көрген тісқаққан ойыншы Эдуард Сергиенконы шығарды. Сөйтіп жол тауып кетті десе болады. Осы Сергиенко 75-минутта кері қайтқан допты шірене теуіп, әдемі гол соқты. Бұдан кейін «Тобыл» алға ұмтылғанымен, таразы басын теңестіре алмады.
Осылайша, қоржынындағы ұпай санын 13-ке жеткізген «Ақжайық» биылғы маусымда алғаш рет алтыншы орынға көтерілді. Өйткені Қызылорданың «Қайсары» Атырауда жергілікті командадан 0:1 есебімен (голдың авторы - сербиялық Новица Максимович) жеңіліп, 7-інші орынға сырғыды. Ал Қарағандының «Шахтері» Астанада өткен ойында Көкшетаудың «Оқжетпесін» 2:0 есебімен (қос допты да соққан Айдос Тәттібаев) тізе бүктіріп, биылғы маусымдағы бірінші жеңісіне қол жеткізді. Шымкенттің «Ордабасы» командасы Павлодарда «Ертісті» 1:0 есебімен (Пабло Фонтанелло) ұтып, турнир кестесінде үшінші орынға шықты.