Футбол: «Ақжайық» ел чемпионы «Шахтерді» 3:0 есебімен ойсырата ұтты

ОРАЛ. 10 наурыз. ҚазАқпарат - 9 наурыз күні футболдан Қазақстан чемпионаты премьер-лигасының алғашқы турында Оралдың «Ақжайығы» ел чемпионы, биылғы суперкубок иегері Қарағандының «Шахтерімен» күш сынасты.
None
None

Күннің маңдайы сәл жіпсігенмен, ызғары қайтпаған, қалың қардың көбесі сөгіле қоймаған осынау мезгілде доп тебу де оңай емес екені белгілі. Дегенмен «Ақжайық» футболының стадионы биылғы маусымға жақсы дайындалыпты, жасыл алаң жарқырап тұр.

«Ақжайық» ойыншыларын ортаға Орал футболының түлегі Руслан Хайыров бастап шықты. Қақпаны 1992 жылғы Стас Покатилов қорғаса, алаңда легионерлер Якуб Хлебоун, Саджо Хаман, Павел Черны, Игорь Зеньковичтерге қоса Бауыржан Омаров, Илья Воротников, Евгений Коструб, Константин Зотов, Николай Забродиндер өнер көрсетті. Биыл «Қайраттан» келген И.Воротниковтен басқасының бәрі - өткен жылы «Ақжайық» намысын қорғағандар. Өткен жылы ел біріншілігінің жеңімпазы атанып, биыл суперкубокті «Астанамен» ойында жұлып алып кеткен «Шахтердің» құрамы кілең «сен тұр, мен атайын» екені анық. Команда капитаны талай жылдан бері «Шахтердің» шабуылын өрге сүйреп келе жатқан Андрей Финонченко болса, Жамбыл Көкеев, Мақсат Байжанов, Дәуренбек Тәжімбетовтердің шеберлігіне ешкім шүбә келтірмейді. Бірақ «Ақжайық» чемпиондардан мүлдем қаймыққан жоқ. Ойын тізгінін өз қолдарына алып, оңтайлы сәттерді ұтымды пайдалана білді. Өткен жылғы чемпионаттағы сұрмергендердің бірі, белорус жігіті Игорь Зеньковичтің биыл Оралда бірінші болып қақпа кілтін табуы заңды болса керек. Көп ұзамай шабуылға шығып, есе қайтарамыз деген қонақтардың қателігінен кейін И.Зенькович есепті 2:0-ге жеткізді.

Екінші таймда «Шахтер» бар күшін салғанымен, дегеніне жете алмады. Есесіне алаң иелерінің қарсы шабуылын өткізіп алып жатты. Осындай сәттердің бірінде қақпаға жекедара ұмтылған И.Зеньковичтің үшінші гол соғатын мүмкіндігі болғанымен, доп қақпадан сәл қиыс кетті. Мұның орнын оралдық қорғаушы, Қазақстан жастар құрамасының мүшесі Бауыржан Омаров толтырып, қақпа бұрышын дәл көздеді.

Сөйтіп өз алаңында сауатты ойнаған «Ақжайық» 3:0 есебімен жеңіске жетті.

«Ақжайық» келесі ойынын 15 наурыз күні сырт алаңда «Таразбен» өткізеді.

Соңғы жаңалықтар