Футбол: «Ақжайық» командасының жаңа маусымдағы құрамы таныстырылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Оралда футболдан Қазақстан чемпионатының премьер-лигасында өнер көрсететін «Ақжайық» командасының жаңа маусымдағы құрамы таныстырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Футбол: «Ақжайық» командасының жаңа маусымдағы құрамы таныстырылды

Команданың тең жартысына жуығы - өткен жылғы маусымда өздерін жақсы қырынан көрсеткендер. Соның ішінде бойы екі метрден асатын Денис Төлебаев қақпа кілтін нық ұстаса, қорғаушылар, команда капитаны Мейрам Сапанов, Бауыржан Омаров, Еркін Тапалов, жартылай қорғаушылар Эдуард Сергиенко, нигериялық Майкл Одибе, сербиялық Предраг Говедарица, парагвайлық сұрмерген Фредди Коронель, чилилік Матиас Рубио, Руслан Валиуллин, Иван Антипов, шабуылшы, украиналық Константин Дудченко жанкүйерлерге жақсы танымал деуге болады. Премьер-лига командалары арасында «Ақжайық» өз түлектерін ойынға көбірек қосумен ерекшеленіп келгені белгілі. Жаңа маусымға дайындық барысында олардың бірқатары басқа клубтарға ауысқанымен, Оралда қалғандары да баршылық. Атап айтқанда, М.Сапанов, Б.Омаров, Е.Тапалов, Р.Валиуллин, И.Антиповқа қоса биыл командаға қақпашы Александр Удалов, 1996 жылғы жартылай қорғаушы Мирад Жарылғасов қосылып отыр.

null  

Командаға жаңадан алынғандар аз емес. Черногорияның «Сутьеска» клубынан қорғаушы Жеван Николич, Түркияның «Йени Малатьяспорынан» нигериялық жартылай қорғаушы Изука Азу келсе, Венесуэланың «Эстудиантес де Мерида» командасында доп тепкен Аренас Дельгадо «Астана» намысын қорғаған Рохер Каньястан кейінгі Қазақстан біріншілігінде ойнайтын екінші колумбиялық футболшы атанбақшы. Биыл Шығыс Қазақстан облысының «Алтай» клубы ойламаған жерден премьер-лигадан шеттетіліп, бірінші лигаға түсіп қалғаны белгілі. Соған байланысты қақпашы Виктор Котляр, қорғаушы Дмитрий Шмидт, жартылай қорғаушылар Константин Заречный мен Азат Ерсалиев Оралға ауысты. Бұлар «Ақжайыққа» тез сіңісіп, жаңа леп бере ала ма, оны уақыт көрсетеді. Оған қоса Талдықорғанның «Жетісуынан» қорғаушы Андрей Шабаев, Петропавлдың «Қызылжарынан» жартылай қорғаушылар  Юрий Перцух пен Георгий Макаев, Астананың «Бәйтерегінен» шабуылшы Самит Чулагов алынды.

null  

Команданың бас бапкері, өткен жылғы маусымда «Ақжайықтың» премьер-лигадағы орнын сақтап қалған қазақстандық маман Вахид Масудов биыл барынша жоғары орындар үшін күресуге тырысатындарын жеткізді. Бұл, әрине, оңай емес. Командаға жаңа келгендер бар. Олардың бір-бірімен үйренісіп, түсінісіп, ойнап кетуі үшін уақыт керек. Команда қатары біршама нығайғанымен, маусым барысында одан да гөрі күшейту мақсатында қосымша ойыншылар тартылуы мүмкін. Сонымен қатар жергілікті жастар да назардан тыс қалмайды. Мұның бәрі футболшылардың өздеріне байланысты. Ойынға кім жақсы дайын, солар алаңға шығатын болады.

null  

«Өткен жылғы маусымда «Ақжайық» командасына 971 млн. теңге бөлінген болатын.  Биыл да осы көлемде беріледі деп отырмыз. Қаржы бөлу мәселесі облыстық мәслихаттың алдағы сессияларының бірінде қаралмақшы. Ең бастысы, облыс намысын ойдағыдай қорғап, жанкүйерлерді жерге қаратпау үшін барымызды салатын боламыз», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне «Ақжайық» футбол клубының директоры Азат Қазиханов.

null  

Айта кетейік, батысқазақстандықтар жаңа маусымдағы алғашқы матчын 8 наурыз күні Павлодарда азулы командалардың бірі «Ертіспен» өткізеді. Содан кейін «Ақжайық» футбол клубының стадионында 12 наурызда Қарағандының «Шахтерін» қабылдайды.