Футбол: «Ақжайық» күтпеген жерден «Ертісті» ұтып кетті
Павлодарда чемпионат барысында жүлдеден үміткер болғанымен, кейінгі матчтарын сәтсіз өткізіп, бесінші орынға сырғыған жергілікті «Ертіс» командасы соңғы орындардың бірінде келе жатқан Оралдың «Ақжайығын» қабылдады. Бірінші таймда қос команданың да есеп ашатындай мүмкіндіктері болды. Соның ішінде «Ақжайық» сапындағы Қазақстан жастар құрамасының мүшесі Юрий Перцух сондай сәттің бірін пайдалана алмады. Есесіне екінші таймда Ю.Перцух бұрыштамадан берілген допты Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Давид Лория қорғаған қақпаға баспен дәл бағыттай білді.
Осылайша, сырт алаңда 1:0 есебімен жеңіске жеткен Вахид Масудовтың шәкірттері бұл ойыннан кейін 26 ұпай жинап, турнир кестесіндегі жағдайын біршама жақсартты. Оралдықтар келесі кездесуін 24 қыркүйек күні өз алаңында Қарағандының «Шахтерімен» өткізеді.