Футбол: «Ақжайық» өз алаңында «Ақтөбені» тізе бүктірді
Өткен кездесуде сырт алаңда «Тараздан» жеңіліп қалғандықтан, «Ақжайықтың» бас бапкері, украиналық Владимир Мазяр құрамға бірқатар өзгерістер енгізді.
Атап айтқанда, Орал футболының түлегі Иван Антипов пен белоруссиялық қорғаушы Павел Назаренко ойынға бірден қосылды. Бұл өз жемісін берді деуге болады. 12-минутта дәл осы П.Назаренкодан пас алған И.Антипов биылғы маусымдағы өзінің алғашқы голын соқты – 1:0.
Алаң иелерінің бұдан кейін де есепті еселейтіндей мүмкіндіктері болды. «Ақтөбе» қақпашысы Жасур Нарзикулов екі рет голдан құтқарса, енді бірде Еркін Тапаловтың тепкен добы қақпадан сәл қиыс кетті.
Екінші таймда ақтөбеліктер көбірек шабуылдағанымен, есеп өзгерген жоқ. Есесіне 78-минутта қонақтардың қақпасына қарай жекедара шығып бара жатқан украиналық шабуылшы Николай Ковталюкті құлатқан «Ақтөбе» сапындағы чехиялық қорғаушы Михал Йерабек алаңнан қуылды.
Осы жеңістен кейін 9 ұпай жинаған «Ақжайық» турнир кестесінде тоғызыншы орынға көтерілді.

Оралдықтар келесі ойынын 28 сәуір күні елордада чемпионатта 17 ұпаймен жекедара көш бастап келе жатқан «Астанамен» өткізеді.
Бүгін сондай-ақ Петропавлда жергілікті «Қызылжар» Талдықорғанның «Жетісу» командасын 3:0 есебімен ойсырата ұтты. Мұнда белоруссиялық қорғаушы Валерий Каршакевич есеп ашса, Әлібек Қасым әдемі гол соғып, 2:0-ге жеткізді. Екінші таймда бразилиялық Данило Алмейда
кездесу нүктесін қойды.
«Қызылжар» 10 ұпаймен алтыншы орынға шықса, жалғыз-ақ ұпайы бар «Жетісу» көш соңында келеді.


Еске сала кетейік , бұдан бұрын «Тобыл» «Тұранды» ірі есеппен жеңгенін жазған болатынбыз.
Фото: Айбатыр Нұраш