Футбол: «Ақжайық» өз алаңында «Қызылжарды» ұтты
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан ел біріншілігінің кезекті турында Оралдың "Ақжайығы" өз алаңында Петропавлдың "Қызылжарын" қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алаң иелері алғашқы шабуылында-ақ есеп ашты.
Оң қанаттан Игорь Худобяк пен Азат Ерсәлімовтің пасынан кейін "Ақжайықтың" сұрмергені, сенегалдық Малик Мане баспен дәл ұрды.
Бұдан кейін қонақтар таразы басын теңестіруге тырысқанымен, ештеңе өнбеді.
Екінші таймда Малик Маненің айып алаңына кірместен шірене тепкен добы қақпадан бір-ақ шықты. Бұл Маненің биылғы біріншіліктегі жетінші голы еді.
Осылайша 2:0 есебімен жеңіске жеткен оралдықтар турнир кестесіндегі жағдайын біршама жақсарта түсті.
Айта кетейік, бұл ойыннан кейін 23 ұпай жинаған "Ақжайық" турнир кестесінде төртінші орынға көтерілді. Өз алаңында Қарағандының "Шахтерін" 2:0 есебімен жеңген "Астана" ұпай санын 50-ге жеткізіп, жекедара көш бастап келеді.
"Қайсар" (Қызылорда) мен "Тобыл" (Қостанай) командалары 2:2 есебімен тең тарқасты.

