Футбол: «Ақжайық» өз алаңында «Шахтерге» есе жіберді
Бірінші тайм қарағандылықтардың басымдылығымен өтті деуге болады. 34-минутта сол қапталдан берілген пасты «Шахтер» сапындағы словакиялық легионер Штефан Зошак орталық тұстан еш кедергісіз қақпаға сүңгіте салды. Екінші тайм басында алаң иелері алға ұмтылып бақты. Сондай сәттердің бірінде қорғаушылар қайтарған допты Азат Ерсәлімов қабылдап, айып алаңына кірместен қақпа тоғыздығын дәл көздеді. Кездесу тең аяқталатындай көрінген. Алайда 92-минутта қақпашы Вячеслав Котлярмен жекедара шыққан нигериялық Олукореде Айегбуси жеңіс добын соғып кетті. Бұл ретте «Ақжайықтың» қорғаныс шебіндегі ойыншыларға жинақылық жетіспеді.
Осы турдан кейін «Шахтер» 33 ұпаймен алтыншы орында қалса, 29 ұпайы бар «Ақжайық» бұрынғысынша тоғызыншы сатыда келеді. Әйтсе де бұған дейін үш мәрте жеңіске қол жеткізген Вахид Масудов шәкірттерінің жағдайы тағы қиындады. Өйткені қалған төрт ойынның үшеуін оралдықтар сырт алаңда кіл көш бастаушы командалармен («Ордабасы», «Қайрат», «Астана») өткізеді. Тек бір ғана ойында өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» қабылдайды.
Айта кетейік, өткен турда «Астана» «Таразды» 2:0 есебімен тізе бүктірсе, чемпиондықтан үміткер екінші команда Алматының «Қайраты» Қостанайдың «Тобылын» дәл осындай есеппен ұтты. Соңғы орындағы Көкшетаудың «Оқжетпесі» өз алаңында «Атыраудан» 1:2 есебімен жеңіліп қалса, Павлодардың «Ертісі» Шымкентте «Ордабасыны» сондай нәтижемен ұтып кетті. «Ақтөбе» өз алаңында «Қайсарға» 0:1 есебімен есе жіберді.