Футбол: «Ақжайық» өз алаңында «Тобылдан» жеңіліп қалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан ел чемпионатының ХХV турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Қостанайдың «Тобылын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футбол: «Ақжайық» өз алаңында «Тобылдан» жеңіліп қалды

Қос команда өткен турда қарсыластарына есе жібергендіктен, бұл кездесу екеуі үшін де аса маңызды еді

Қостанайлықтар үздік үштікті түйіндеп тұрғанымен, одан кейінгілер жүлделі орыннан үмітін үзе қойған жоқ-ты. Ал «Ақжайыққа» соңғы орындарға түсіп қалмау үшін ұпай ауадай қажет болатын.

Бірінші таймда командалар барынша сақ ойнағандықтан, қауіпті сәттер көп бола қойған жоқ.

Ойынның екінші кезеңінде алдымен қостанайлықтар басымдылық көрсетсе, содан кейін оралдықтар қарап қалмады. Украиналық легионер Игорь Худобяктың алыстан тепкен добын оның отандасы, «Тобылдың» қақпашысы Дмитрий Непогодов қайтарды. Берік Шаиховтың соққан добы қақпа маңдайшасынан кері қайтты. Көп ұзамай «Ақжайықтың» қақпашысы, тағы бір украиналық Евгений Боровик те сейв жасап үлгерді. Алайда ол 81-минутта «Тобылдың» сапындағы грузиялық легионер Джаба Канкаваның жақыннан тепкен добына ештеңе жасай алмады.

Бұдан кейін алаң иелері алға ұмтылғанымен, одан пайда бола қойған жоқ. Матчтың ең соңғы сәтінде Иван Антипов қонақтардың айып алаңында құлап қалғанымен, төреші Данияр Сахи 11 метрлік нүктеге нұсқамады.

Осылайша 1:0 есебімен жеңіске жеткен қостанайлықтар 43 ұпаймен үшінші орынға нық беки түсті. 30 қыркүйек күні өтетін XXVIII турда Қарағандыға қонаққа баратын «Ақжайық» әзірге сегізінші орында келеді.

Айта кетейік, бұл турда «Қызылжар» Петропавлда Қарағандының «Шахтерін» 2:1 есебімен тізе бүктірсе, Алматының «Қайраты» дәл сондай есеппен Қызылордада «Қайсарды» жеңді. Талдықорғанда «Жетісу» - «Ордабасы» командалары 1:1 есебімен тең тарқасты. Ел чемпионы "Астана" Атырауда алаң иелерінен айласын асырды - 1:0 

Фото: fctobol.kz