Футбол: «Ақжайық» пен «Шахтер» командалары тең ойнады
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін ел біріншілігінің жетінші турында Оралдың "Ақжайығы" өз алаңында Қарағандының "Шахтерін" қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақсай қаласындағы "Қарашығанақ" стадионында алдымен алаң иелері есеп ашты. 26-минутта Берік Шаихов қақпа бұрышын дәл көздеді. Сөйтіп ол "Ақжайық" сапындағы алғашқы голын соқты. Қонақтар таразы басын теңестіруге тырысып бақты.
Екінші таймда "Шахтерден" Александр Володько мергендігімен көзге түсті.
Бүгін Батыс Қазақстанда соққан күшті жел ойыншыларға да кедергі келтірді.
Осылайша қос команда 1:1 есебімен тең тарқасты.
Турнир кестесінде "Шахтер" мен "Ақжайық" сәйкесінше 10 және 9 ұпаймен бесінші, алтыншы орында келеді.
Еске сала кетейік, батысқазақстандықтар өткен турда Қостанайдың "Тобылымен" 1:1 есебімен тең ойнаған болатын. Оралдықтар келесі кездесуін 5 мамыр күні Петропавлда жергілікті "Қызылжармен" өткізеді.