Футбол: «Ақжайық» румыниялық клубты ойсырата ұтты
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Түркияда Оралдың «Ақжайығы» Румыния біріншілігінің жоғары лигасында өнер көрсететін «Волунтари» клубын ойсырата ұтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жолдастық матчта есепті Оралдың өз түлегі Еркін Тапалов ашты. Содан кейін командаға жуырда ғана алынған украиналық шабуылшы Эсеола Адеринсола қос голдың авторы атанды. Екінші таймда «Ақжайықта» сыннан өтіп жүрген Игорь Вузачич ойын нүктесін қойды.
Бұған дейін «Ақжайық» жолдастық кездесулерде ресейлік «Амкар» (Пермь) және «Кубань» (Краснодар) командаларын 1:0 есебімен ұтқан болатын.
Айта кетейік, украиналық маман Владимир Мазяр жаттықтыратын оралдық клуб Түркиядағы бірінші оқу-жаттығу жиынын 28 қаңтарда аяқтайды. Содан кейін Оралға оралып, 4 ақпанда сол елде өтетін екінші жиынға аттанады.