Футбол: «Ақжайыққа» тағы үш ойыншы қосылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Премьер-лигаға қайтып оралған «Ақжайық» клубы тағы үш ойыншымен келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футбол: «Ақжайыққа» тағы үш ойыншы қосылды

«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, соның бірі – қорғаушы, Мәскеу футболының түлегі, 31 жастағы Сергей Шустиков.

Кәсіби жолын 2008 жылы «Крылья Советов» (Самара) клубының құрамында бастаған қорғаушы «Химки» (Дзержинск), «Ростов», «Волга» (Ульяновск) командаларында доп тепті. Соңғы бес маусымда «Торпедо» (Мәскеу) намысын қорғады. Бір матчта Ресей жастар құрамасы сапында алаңға шыққан.

Ол – атақты футболшы, 1964 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдары «Торпедоның» беткеұстары болған Виктор Шустиковтің немересі. Әкесі Сергей Шустиков та «Торпедо», испаниялық «Расинг», «Осасуна» клубтарында ойнаған.

«Ақжайыққа» сондай-ақ кезінде Украина жастар құрамасы сапында доп тепкен 33 жастағы шабуылшы Алексей Чичиков та келді. «Ворксла», «Локомотив» (Мәскеу) және соңғы екі маусымда «Днепр» (Днепропетровск) командасы құрамында алаңға шықты.

Қорғаушы, 26 жастағы Павел Назаренко – Беларусь футболының түлегі. «Динамо» (Минск), «Слуцк» және 2020 жылы «Витебск» командасында ойнады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайық» командасына жаңадан бес ойыншы алынғанын жазған болатынбыз.