Футбол: «Ақжайыққа» жаңа бапкер келді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Украиналық маман Сергей Зайцев «Ақжайық» командасының бас бапкері болып іске кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 45 жасар С.Зайцев бұған дейін «Карпаты» (Львов) командасын жаттықтырған.

Сергей Ларионович 1973 жылы 13 сәуірде Запорожьеде дүниеге келген. «Металлург» футбол клубының олимпиадалық резевтегі балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде тәрбиеленген ол Запорожьенің «Торпедо» клубында ойыншы ретіндегі жолын бастады.

«Металлург», «Металлист» (екеуі де Украина),  «Нефтехимик» (Ресей), «Легия», «Погонь» (екеуі де Польша), «Татран», «Кошице», «Дукла» (үшеуі де Словакия) командаларында ойнаған С.Зайцевке Қазақстан біріншілігі де жат емес. Ол «Қайсар» мен «Атырау» сапында доп теуіп көрді.

Жаттықтырушылық жолын 2009 жылы бастаған маман «Атырау», «Металлург» (Запорожье) командалары бас бапкерлерінің көмекшісі болды. 2011-2013 жылдары «Металлургтің» бас бапкерлігін қолға алып, 2012 жылы командасын Украинаның премьер-лигасына шығарды. Сосын Молдованың «Заря» клубын жаттықтырды. 2016 жылдан бері «Карпаты» клубы құрамында жұмыс жасап, «Ақжайыққа» келгенге дейін бас бапкері болды.

Еске сала кетейік, Оралдың «Ақжайығын» бұған дейін де украиналық маман Владимир Мазяр жаттықтырған болатын. Ол 13 мамыр күні оралдықтар Ақтөбеде 3:5 есебімен жеңіліс тапқаннан кейін командамен қош айтысқан еді.

Бір қызығы, С.Зайцев «Ақтөбемен» өтетін ойын қарсаңында команда тізгінін ұстап отыр. Турнир кестесінде алтыншы орында келе жатқан «Ақжайық» ел біріншілігінің ХХ турында 28 шілде күні П.Атоян атындағы стадионда ақтөбеліктерді қабылдайды. Бесінші орында тұрған ақтөбеліктер мен оралдықтардың ұпайы бірдей. Сондықтан алдағы кездесудің тартысты өтері анық.  

Соңғы жаңалықтар