Футбол: «Ақжайыққа» жаңа ойыншылар алынды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Түркияда жаңа маусымға дайындалып жатқан «Ақжайыққа» төрт ойыншы алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Дәуренбек Тәжімбетов, Ильнур Мангуткин, Арман Смаилов және Наурызбек Жагоров команда құрамын толықтырды.
Қызылорда футболының түлегі, шабуылшы Д.Тәжімбетовтің есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. 2004 жылы спорттық жолын «Қайсарда» бастаған ол бес жыл ішінде 142 матчта 19 гол соқты. 2010 жылы шымкенттік «Ордабасыға» ауысқан Дәуренбек екі жылда 26 голдың (82 кездесу) авторы атанды. Содан кейін де «Шахтер», «Астана», «Ордабасы», «Тараз», «Атырау», «Қайсар» сапында доп тепті.
Қорғаушы И.Мангуткин Оралға Қарағандыдан келді. «Шахтер-Юность», «Болат-MSK» (Теміртау), «Шахтер» (Қарағанды), «Қазақмыс» (Сәтбаев), «Тобыл» (Қостанай), «Оқжетпес» (Көкшетау) командаларында ойнаған.
Павлодарлық «Ертістің» түлегі А.Смаилов - болашағынан үлкен үміт күттіретін жас шабуылшылардың бірі. 2017 жылдан бері «Ертістің» негізгі құрамында да өнер көрсетті. 18, 19 және 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасына да шақырту алған.
Атырау футбол мектебінің дарынды өкілдерінің бірі Н.Жагоров өткен маусымды Көкшетаудың «Оқжетпесі» сапында өткізді. 28 ойында бір гол соғып, төрт мәрте нәтижелі пас берді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайыққа» жаңадан екі ойыншы алынғанын, команданың «Ертісті» ұтып, македониялық клубпен тең ойнағанын жазған болатынбыз.
Оралда дарынды жастардың өсіп келе жатқаны да белгілі болды.