Футбол: «Ақжайыққа» жаңадан төрт ойыншы алынды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Премьер-лигада өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығына» жаңадан төрт ойыншы алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футбол: «Ақжайыққа» жаңадан төрт ойыншы алынды

«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, қақпашы Константин Махновский, қорғаушы Милош Стаменкович, жартылай қорғаушы Рафаэль Сабино және шабуылшы Оралхан Өміртаевпен келісімшартқа қол қойылды.

Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы О.Өміртаев қарағандылық «Шахтерден» ауысты. Қалған үшеуі Украинада доп тепкен. К.Махновский «ВПК-Агро», М.Стаменкович «Рух», Р.Сабино «Львов» клубында ойнады.

Осыған дейін қабылданған Беларусь шабуылшы Антон Сорока командадан кетті.

«Қазіргі кезде «Ақжайық» құрамы жасақталып бола келді деп айтуға болады. Тағы екі ойыншыны қарап жатырмыз. Командада өткен маусымда ойнаған жергілікті футболшылар қалды. Сондай-ақ жастар да қосылды», деді ҚазАқпарат тілшісіне «Ақжайық» футбол клубының директоры Азамат Шайхы.

Украиналық маман Владимир Мазяр жаттықтыратын оралдық клуб жаңа маусымдағы беташар матчын 6 наурызда Қостанайда ел чемпионы «Тобылмен» өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық Зайнутдиновтің «Спартак» - ЦСКА матчында тамаша гол соққанын жазған болатынбыз.