Футбол: «Ақжайықтың» бас бапкері қызметінен кетті
ОРАЛ. ҚазАқпарат – «Ақжайық» футбол клубының бас бапкері Артур Авакянц қызметінен кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оралдық жаттықтырушының орнын босатқаны жөнінде «Ақжайық» футбол клубының Instagram -дағы парақшасында мәлім етілді.
А.Авакянц өткен жылғы маусымда да батысқазақстандықтарды жаттықтырып, онда клуб бірінші лигада үшінші орынға ие болған еді.
Клуб басшылығы оған биыл да сенім артып, «Ақжайықтың» премьер-лигаға қайта оралуын басты міндет етіп қойған болатын. Алайда оралдықтардың бұл мақсат үдесінен шығуы екіталай. Өйткені 13 қазан күні екінші айналымның алғашқы матчында №8 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі командасынан 2:4 есебімен ұтылып қалды. Оның алдында көш соңындағы «Шахтер-Болат» командасымен тең ойнап, ұпай жоғалтса, содан кейін негізгі қарсыласы «Атырауға» 0:1 есебімен есе жіберді.
Осылайша қазір «Ақжайық» екінші конференцияда бесінші орынға сырғып кетті. Бірінші лигада екі конференцияның әрқайсысында үздік атанған қос команда премьер-лигаға жолдама алады.
Клубтың бас бапкері міндетін уақытша атқару Алексей Тугушевке жүктелді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» ел чемпионатын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.