ФУТБОЛ: «Астана» капитаны мен қақпашысы Чемпиондар лигасында кiммен ойнауды армандады?
АСТАНА. Қазақстан - "Астана" футбол клубының УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңiне өтуіне орай болған баспасөз мәслихаты барысында журналистер команда капитаны Таңат Нөсербаев пен қақпашы Неймад Эричке осы сұрақты қойды.
Алдымен, "команда капитаны ретiнде ойыншыларды қалай жiгерлендiрiп отырасыз?" деген сұраққа жауап бере келе Т.Нөсербаев: "Ойыншылардың тактикасына әрине, бас бапкер жауап бередi. Ал, капитан ретiнде айтарым, клубтағы әрбiр ойынша өз iсiнiң нағыз шеберi. Сондықтан, әрқайсысы өз жұмысын жақсы бiледi. Әрқайсымыз алдағы ойындардың қаншалықты тарихи маңызға ие екенiн жақсы түсiнемiз",-деп жауап бердi.
Бiр қызығы, клубтың капитаны мен команданың қақпашысы да Чемпиондар лигасының топтық кезеңiнде "Ювентус" командасымен бiр топқа түссек екен деп армандапты.
Команда капитаны Таңат Нөсербаев: "Менiң арманың "Ювентус"-пен ойнау едi. Жас кезiмде сол команданы сүйiп көретiнмiн. Жеребе тартуда сол команданы қалаған едiм",-десе, қақпашы Неймад Эрич: "Мен "Ювентус" клубымен ойнасақ деп тiлегенмiн. Себебi, мен өзiм осы команданың ойындарын тамашалаймын. Сондықтан, "Ювентус"-пен ойнасақ деген тiлек болды",-деп жауап бердi.
Естерiңiзге сала кетейiк, "Астана" футбол клубы Қазақстанның футбол тарихында УЕФА Чемпиондар Лигасының топтық кезеңiне өткен алғашқы команда. Ендi елорданың футбол клубы С тобында "Бенфика" (Лиссабон, Португалия", "Атлетико" (Мадрид, Испания) және "Галатасарай" (Ыстамбұл, Түркия) командаларына қарсы ойын көрсетедi. Бұл квартетте "Астана" 15 қыркүйекте Португалияда "Бенфика" командасына қарсы ойнайды. Ал, 30 қыркүйек күнi "Астана" өз алаңында "Галатасарай" командасымен жасыл алаңға шығады.