ФУТБОЛ: «Астана» мен «Қайрат» командаларының Суперкубокқа таласы басталды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елорданың «Астана Арена» стадионында Қазақстан футболының жаңа маусымы басталды. Онда былтырғы маусымның жеңімпазы «Астана» мен кубок иегері алматылық «Қайрат» арасында Суперкубок ойыны өтіп жатыр.
Матчтың бас төрешісі - өзбекстандық қазы Равшан Ирматов.
Айта кетерлігі, бұл осы маусымдағы алғашқы матч. Командалар арасындағы өзгерістерге келсек, алматылықтарда жаңа ойыншылар арасында қақпашы Андрей Сидельников, «Астана» сапында былтыр «Қайратта» ойнаған Джордже Деспотович пен Асхат Тағыберген ойнайды. «Қайрат» өз тарихында ел Кубогын 7 мәрте жеңіп, Суперкубок финалына осымен екінші рет шығып отыр. Айта кетерлігі, былтырғы жылы «Астана Аренада» «Астана» мен «Қайрат» шығып, пенальти сериясы бойынша елордалықтар жеңіске жеткен болатын.
«Астананың» бас бапкері Станимир Стойлов баспасөз мәслихатында командасының былтыр көрсеткен футболды паш ете алатынын сенімді айтқан болатын. Оның сөзі бойынша, «Астана» командасының барлық ойыншылары жоғары дайындықпен келіп отыр.
«Астана» мен «Қайрат» арасындағы бұл ойында жолдастық матч секілді болуы мүмкін емес. Үлкен футбол қақтығысы орын алады. Біз бұл суперкубокқа мықты дайындалдық. Футболшылар барлық күшін салып, өнерін көрсетуі тиіс», - деді С. Стойлов.