Футбол: «Астана» өз алаңында қостанайлықтарды ұтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан чемпионатының жетінші турында «Астана» Қостанайдың «Тобылын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алғашқы минуттардан-ақ алаң иелері допқа иелік етуді қолға алды. Айта кетейік, бұл ойында «Тобыл» қақпасын Вячеслав Котляр қорғады. Бірінші тайм ортасына таман «тобылдық» Виктор Дмитренко айып алаңында тұрып, соққы жасады. Алайда, елордалық қорғаушылар керек жерден табылды. Тайм соңына таман тәртіп бұзулар жиілеп кетті. "Астана" сапынан Бақтиер Зайнутдинов пен «Тобыл» капитаны Азат Нұрғалиев "сары" қағазбен жазаланды.
Ойынның екінші бөлігі қостанайлықтардың жылдам шабуылымен басталды. Алға ұмтылған Джаба Канкаваны венгриялық легионер Ласло шалып жықты.Василий Кобин орындаған айып соққысы "Тобыл" ойыншыларына нәтиже әкелмеді. Мұнан соң алаңға Бауыржан Тұрысбек шықты. Ол Максим Фединді алмастырды.
Матч соңына таяу Азат Нұрғалиев өз айып алаңында Марин Томасовты тартып құлатты. Төреші он бір метрлік айып добын белгіледі. Нүктеге келген Твумаси қателеспеді. 1:0!
Тоқсан минут та түгесілді.Өкінішке қарай, 3 ұпай қостанайлықтардың қанжығасынан сырғып кетті.
Ойыннан кейінгі баспасөз мәжілісінде «Тобыл» бапкері Владимир Никитенко есепті теңестіретін сәттердің көп болғанын айтты. Ал оның астаналық әріптесі Григорий Бабаян «Тобыл» сияқты командамен болған қиын ойында үш ұпай алудың маңызды екеніне тоқталды.